RU

Шымкентте бұрынғы күйеуі аңдып жүріп, сабап кеткен келіншекке қатысты жаңа дерек шықты

Жәбірленуші1
Жәбірленуші. Фото: facebook.com/NeMolchiKZ

Әлеуметтік желіде бұған дейін Шымкентте бұрынғы күйеуі өлімші етіп сабап тастаған әйелдің суреті тараған еді. Болған жайттың себеп-салдарын KAZ.NUR.KZ порталы Астана арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Қорғансыз келіншектің адам шошырлық бейнесін әлеуметтік желіге жәбірленушінің туыстары салған. Оны мұндай күйге, азаматтық некеде болған бұрынғы күйуі түсірген.

Телеарнаның мәліметінше, азаматтық некедегі бұрынғы күйеуі оны ұдайы ұрып келген. Жәбірленушінің анасы бұл жолы полициядан емес, қоғамдық қордан көмек сұрапты. Өйткені, тәртіп сақшыларына сенуден қалса керек. Учаскелік инспекторды келіншек бір емес 5 рет шақырған. Нәтиже болмапты.

"Бұл бірінші ұрып-соғуы емес екен. Жаңа жылдың қарсаңында да үйінің жанында аңдып тұрып, көсеумен сабап қолын зақымдаған. Ауруханаға жатып шықты. Бірақ іс сотқа жетпеген. Ол жерде жалғыз учаскелік инспектор бар. Күдіктіні қорғаштайтын секілді", - дейді Қоғамдық қордың жетекшісі Дина Смаилова.

Көршілерінің айтуынша, 22 жастағы келіншек досымен мұның алдында бірнеше рет ренжіскен. Бірге тұрмағандарына 2 жылға жуықтапты.

"Мен бұл отбасын жақсы танимын. Екеуі жараса алмады. Бір рет кешіріп, қосылған. Екінші рет айрылысқанында маған "онымен бірге тұру мүмкін емес" деген еді", - дейді жәбірленушінің танысы Галина Менщикова.

Қазіргі таңда бұрынғы жолдасын балғамен ұрған жігіт қамауға алынған. Полиция оны әуелі айықтырғышқа жеткізіпті. Тәртіп сақшылары барғанда күдікті удай мас болыпты. Қоғамдық дау туғаннан кейін бе полиция осы жолы "Азаптау" бабымен қылмыстық іс қозғаған. Ал бұрынғы арыздар тәртіп сақшыларында тіркелмеген көрінеді.

"Анықталып жатыр алдында жарақаттарын салғаны бойынша. Оны қазір қосымша сот сараптамалар тағайындаймыз, алған дене жарақаттары бойынша. Тексеру амалдарын жүргіземіз. Соның барысында анықталатын болады. Ол бірақ өзі полицияға алдын алған жарақаттары бойынша арызданбаған", - дейді Шымкент қаласы полиция департаменті тергеу басқармасының бастығы Дәулеткелді Әбдіраманов.

Қылмысы дәлелденіп жатса жігіт 2 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал егер мұның алдындағы соққылар дәлелденсе ондай жаза қатайуы әбден мүмкін.

"Арызды қабылдамады" деген учаскелік инспекторға қатысты да қызметтік тергеу басталмақ.

А. Төребекқызы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1878904-symkentte-bryngy-kjeui-adyp-zrip-sabap-ketken-kelinsekke-katysty-zaa-derek-sykty.html