RU

Коронавирус: СҚО-да тағы екі аудан орталығы карантинге жабылмақ

блок-пост1
Көрнекі фото: NUR.KZ

Коронавируспен ауырғандар санының өсуіне байланысты Солтүстік Қазақстан облысында тағы екі аудан орталығы карантинге жабылмақ деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Қазақпаратқа сілтеме жасап.

Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің мәліметінше, Есіл ауданының орталығы Явленка ауылының аумағында 11 қазан сағат 00.00 -ден бастап кәсіпкерлік қызмет пен тұрғындарға қатысты айырықша талаптармен шектеу шаралары енгізіледі.

Бұндай тиісті қаулы Мамлют ауданының орталығына да қатысты дайындалып жатқаны белгілі болды.

Айта кетейік, СҚО-ның ауданаралық комиссияның шешіміне сәйкес, егер ауылдық жерлерде коронавирус жұқтырғандар саны 3-5 адамнан асса, ал аудан орталығында 7 және одан көп адамнан асса, онда елді мекенде карантиндік шектеулер енгізіледі.

Еске сала кетсек, бұған дейін өңірдегі Мағжан Жұмабаев ауданының орталығы Булаев қаласы карантинге жабылғанын хабарлаған едік.

Белгілі болғандай соңғы екі аптада бұл ауданда COVID-19 инфекциясын жұқтырудың 24 жағдайы анықталып, оның 15-і Булаев қаласында тіркелген.

Осыған байланысты ауданның бас санитар дәрігері Булаевта шектеу шараларын енгізу туралы қаулы қабылдаған.

Жалпы соңғы мәліметтер бойынша, елімізде COVID-19 инфекциясы тағы 102 адамнан анықталған. Олардың 12-і осы Солтүстік Қазақстан облысынан. Бүгінгі күнге дейін аймақта коронавирус жұқтырғандар саны 4 195-ке жетіп отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1878929-koronavirus-sko-da-tagy-eki-audan-ortalygy-karantinge-zabylmak.html