RU

Алмазбек Атамбаевтың ұсталған сәтінен видео жарияланды

Алмазбек Атамбаев
Алмазбек Атамбаев. Фото: Pavel Lisitsyn / Host Photo Agency/Ria Novosti via Getty Images

Бішкекте жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыруға қатысты Алмазбек Атамбаев пен оның жақтастары қамауға алынды. Олардың ұсталған сәтінен видео жарияланды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Атамбаевтың ұсталған сәтінің видеосы Instagram желісіндегі "Короче KG" парақшасында жарияланған.

Онда Алмазбек Атамбаевты көлікке әкетіп бара жатқаны көрінеді. Экс-президенттен бөлек оның оққағарлары да қамауға алынған.

Еlgezit.kg басылымының жазуынша, сол күні Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевтың балалары Қадыр мен Сейидті де қамауға алған. Олар Бішкектегі жаппай тәртіпсіздікке куәгер ретінде ІІМ жеткізілген.

Еске сала кетсек, кеше Алмазбек Атамбаевтың қамауға алынғанын хабарлаған едік.

Қырғызстанның мемлекеттік Ұлттық қауіпсіздік комитеті елдің бұрынғы басшысы Алмазбек Атамбаевтың ұсталғанын хабарлады. Сонымен қатар оның бұрынғы оққағарлары да тұтқындалған.

Айта кетейік, Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев 6 қазан күні түнде Бішкектегі митинг кезінде МҰҚК-дегі тергеу изоляторынан босатылған еді.

Экс-президент биылғы жылдың маусымында криминалды беделді тұлға Азиз Батукаевтың заңсыз босатылғаны туралы іс бойынша айыпталып, 11 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.

Ол сонымен қатар Қой-Таштағы оқиға бойынша істің фигуранты болып табылады.

Атамбаев 6 қазанда босап шықаннан кейін, 9 қазанда жақтастарының алдында сөз сөйлеп, өзіне билік қажет емес екенін айтқан еді.

Кейін ол отырған көлікке шабуыл жасалғаны хабарланды. Экс-президенттің сөзінше, өзіне қастандық жасалатынын бір күн бұрын білген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1878940-almazbek-atambaevdy-stalgan-stinen-video-zarialandy.html