RU

Қырғыз депутаттары Жапаровтың премьер-министр болуын заңсыз деп мәлімдеді

Садыр Жапаров1
Садыр Жапаров. Фото: РИА Новости /Алексей Майшев

Қырғызстан парламентінің оппозициялық және үкімет фракциясы атынан бірқатар депутаттар Садыр Жапаровтың премьер-министр болып тағайындалуы заңсыз деп мәлімдеді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ порталы Орталық Азияның жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Бірінші вице-спикер Аида Қасымалиеваның айтуынша, депутаттар қажетті кворум жинай алмаса да шешім қабылдаған.

"Мен кеткен уақытта, қажетті кворум жиналмаған. Сол сәтте отырыс залында 46 депутат (бәрі 120 болуы керек – ред. ) болды. Содан кейін тағы біразы келген болуы керек. Мен қазір Жогорку Кеңеш аппаратынан отырыс қаулысын сұрап жатырмын. Регламентке сәйкес дауыс беруге кем дегенде 61 депутат қатысуы тиіс. Кворум болмағанын нақты айта аламын", - деді ол.

Айта кетейік, Қасымалиева 4 қазанда өткен сайлауға "Биримдик" (Бірлік) партиясы атынан түскен болатын.

Сонымен қатар социал демократиялық партия өкілі Дастан Бекешев пен оппозициялық "Ата-Мекен" партиясының өкілі Наталья Никитенко мен Қаныбек Иманалиев те осындай пікірде. Олар үкімет басшысы заңсыз сайланды деп есептейді.

"Парламент қайта жиналып, жаңа отырыс өткізуі тиіс. Бәрі заңды болуы үшін жаңа премьерді қайта сайлауы керек. Президентке жаңа жарлыққа қол қоюдың қажеті жоқ. Оның бәрібір заңдық күші болмайды. Басты қызметті парламент атқаруы тиіс. Президенттің де отставкасы керек емес", - дейді Қасымалиева.

Еске сала кетсек, бұған дейін Садыр Жапаровтың Қырғызстанның жаңа премьер-министрі болып тағайындалғаны хабарланған еді.

Ол осы Жогорку Кеңештің кезектен тыс отырысында 5-6 қазандағы халық толқулары кезінде Қырғызстан парламентінің кейбір депутаттары Алматыға қашып кеткенін айтты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1879029-kyrgyzstanny-birkatar-deputaty-zaparovty-premer-ministr-boluyn-zasyz-dep-mlimdedi.html