RU

Математиканы мүлде ұқпайтын бала әкесін жүрек талмасына дейін жеткізді

Жүрек талмасы
Көрнекі фото: 120.su

Қытайдың 45 жастағы тұрғыны баласына математиканы түсіндіремін деп жүрек талмасына ұшырады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ порталы odditycentral.com сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Лю есімді азамат бірнеше апта бойы жүрек тұсы ауырып жүргеніне мән бермеген. Ол жағдайы нашарлауына ұлының математиканы мүлде түсінбей жүргенінің себеп болғанын білмей келіпті.

45 жастағы азамат ұлына үй тапсырмасын орындатпақ болған сайын оның математиканы мүлде ұқпайтынына қатты ашуланады екен.

Ақыры кезекті рет ашуға булыққан ер адам бір ақпаратты ұлына бірнеше рет қайталап жатқан сәтінде жүрек талмасына ұшырайды. Жүрегі қатты ауырып, демі жетпей қалған ол сол сәтте есінен танып құлаған.

Лю есін жиғаннан кейін емханаға барады. Дәрігерлер оның жүрек талмасын бастан өткергенін анықтап, оған ашуға бой алдырмауға кеңес береді.

Ақ халаттылар ер адамның жүрегі сыр беруіне баласына ашуланудан бөлек темекі де әсер еткенін анықтаған. Тұрғын темекіге әуестеніп алған екен.

Еске салсақ, бұған дейін Қытайда жеті адам жыл бойы мұздатқышта қатырылған кеспені жегеннен кейін қайтыс болғанын жазған едік. Олардың бәрі бір отбасының мүшесі болып шықты.

Одан бөлек, Өзбекстанның Сырдария облысында тұрғын әйелінің көзіне шөп салу кезінде жүрек талмасынан қайтыс болғанын жазған болатынбыз. Қоғам алдында масқара болудан қорыққан көңілдесі жедел жәрдем шақырудың орнына, марқұмның денесін жасыруға тырысқан.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1879046-matematikany-mlde-kpajtyn-bala-kesin-zrek-talmasyna-dejin-zetkizdi.html