RU

Қарағандыда карантинге қарамай, 100 адамға той өткізгендер әшкере болды

Қарағанды
Фото: gov.kz

Қарағандыда мобильді топ карантин уақытында той ұйымдастырғандарды анықтады. Тыйымға қарамастан, жанұялық салтанатты кешке жүзге жуық адам жиналған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Қарағанды облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Коронавирус пандемиясына байланысты шектеулер Қазақстанда әлі де өзекті. Соған қарамастан, кейбір көңіл көтеру орындарының иелері мен адамдар заң бұзуға әзір.

Мәселен, өткен демалыста Қарағандыда бірден екі жаппай шара тіркелген. Олардың бірі қаладағы танымал мейрамханада тіркелген. Белгілі болғандай ол жерде үйлену тойы өтіп жатқан. Салтанатты кешке жүз тарта адам шақырылған. Олар әлеуметтік арақашықтық пен санитарлық нормаларды сақтамаған.

Аталған факті анықталған соң қонақтар тез арада салтанатты кештен кетуге тырысқан, ал мейрамхана иесі айыппұл төлеуге тура келеді. Қазір оған қатысты әкімшілік қүқықбұзушылық бойынша хаттама толтырылған.

Сонымен қатар, мобильді топ қалада тағы бір іс-шараны тоқытты. Анықталғандай рестобарлардың бірінде дискотека болып жатқан. Онда 200-ге жуық адам жиналған.

Айта кетейік, осыған дейін Атырауда тыйым салынғанына қарамастан түнгі клуб жұмыс істеп келгенін хабарлаған едік. Полиция қызметкерлері ойын-сауық орнында көңіл көтергендерді анықтаған. Енді мекеме иесі жауапкершілікке тартылады.

Ал Таразда пандемия басталғалы тойхана иелеріне 15 миллион теңге көлемінде айыппұл салынған. Десе де, шаһарда әлі күнге дейін тығылып той жасау тыйылмай тұр екен.

Мамандар бұлай жалғаса берсе, инфекция қайта өршіп, қоғамға айтарлықтай қауіп төнуі мүмкін екенін айтып дабыл қағып отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1879074-karagandyda-karantinge-karamaj-100-adamga-toj-tkizgender-skere-boldy.html