RU

"Ескерту жасады": Елордадағы отшашуға шүйліккен Қайрат Әділгерейдің басы бәлеге қалды

Қайрат Әділгерей
Фото: Видеодан кадр

Қазақстандық танымал актер Қайрат Әділгерей карантин кезінде елордада жасалған отшашуға шүйлігіп, желіде оған қатысты бар ойын айтқан болатын. Алайда, өзінің ашық пікірі "кесірінен" өнер иесінің басы бәлеге қалған. Ертесіне оған құзырлы орган өкілдері хабарласып, қатаң ескертулер жасаған деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Қайрат Әділгерей ашық түрде айтып қойған ойы үшін құзырлы орган тарапынан ескертулер алғанын жасырмады.

Олар актерге мұндай әрекеттерді қысқартқан жөн екенін айтқан. Басынан өткен бұл жағдайды өнер иесі "TalLike" бағдарламасында айтып берді.

"Бұл жағдайға қатысты біз Ерлан Қаринмен сөйлескен жоқпыз. Біз кездесе де алмадық. Қарбалас болып кетті. Бірақ, маған белгілі бір құзырлы органнан хабарласқаны рас. Кім қоңырау шалғанын айтпай-ақ қояйын. "Мұндай ашық әңгімені неге айтасыз" деді маған. Бұл жерде мен бүлік жасап, артымнан ерген тобыр, ой ештеңе болған жоқ.

Мен сол кездегі болып жатқан оқиғаға өзімнің эмоциялық әсерден шыққан ойымды айттым. Сол кезде маған "Ондай әңгімелеріңізді көп айтпаңыз, қысқартқаныңыз жөн. Елде болып жатқан оқиғада әр адам әр жаққа тартып сөйлейтін болса, қиын болады" деген сияқты маған ескертулер жасады. Мен түсіндім. Ескертуді ескеремін. Бірақ, бұл билікке қарсы әңгіме емес.

Өзімнің жеке ой-пікірімді ашық жариялау. Мен саясатта жүрген жоқпын ғой. Мен өнердегі адаммын. Театр, кино, дубляжым бар. Театрда да аудитория үлкен. Айтқыш болсаң, оппозицияға жақын болсаң сол жерде де айтуға болады. Бірақ, айта алмайсың ғой. Бәріміз бір тақырып аясында әзілдей берсек, көрерменге жақпай қалады" , - деді Қайрат Әділгерей.

Айта кетейік, бұған дейін Қайрат Әділгерей өзін биліктің "жезөкшесі" деп айта алмайтынын жазған болатынбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1879144-eskertu-zasady-elordadagy-ot-sasu-zajly-ajtkan-kajrat-dilgerejdi-basy-blege-kaldy.html