RU

14 жасар қыз жігіт үшін Шымкентке қашқан: Оқиғаның мән-жайы белгілі болды

Жасөспірім
Көрнекі фото: pixabay.com

14 жастағы түркістандық қыз әлеуметтік желіде шымкенттік жігітпен танысып, онымен кездесу үшін үйінен шығып, Шымкентке қашып кеткен. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ порталы zakon.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Қызын туыстары мен таныстарынан таба алмаған анасы жасөспірімнің жоғалғандығы туралы хабарламамен полицияға жүгінеді.

Сегізінші сынып оқушысын іздестіру жұмысына жедел уәкіл мен учаскелік инспекторлар тартылды. Олар кез келген ақпаратқа ие болуы мүмкін куәгерлерді және такси жүргізушілерін сұраққа алған.

Сондай-ақ, жедел уәкілдер мектеп оқушысының әлеуметтік желілердегі парақшаларын тексеріп, оның қайда кеткенін анықтау үшін басқа да жедел-іздестіру шараларын жүргізген.

Нәтижесінде оның шымкенттік жігітпен желі арқылы танысқандығы белгілі болады.

Тәртіп сақшылары жоғалған жасөспірімді қала көшелерінің бірінен тауып, үйіне ата-анасына қайтарған.

Түркістан облысының полициясы ата-аналарға балаларына мұқият болуды және ересектердің рұқсатынсыз үйден шықпауды ескертуді ұсынады.

"Сондай-ақ, балаларыңыздың проблемаларына мұқият болып, отбасына деген сенімділікті арттыра отырып, жасөспірімдермен жиі сөйлескен жөн", - деп хабарлады Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі.

Еске салсақ, бұған дейін біз Ақмола облысының тұрғыны 14 жастағы қызын көсеумен ұрып, иығын сындырғанын жазған едік.

Одан бөлек, Алматы облысында енесі келінін есінен танғанша аяусыз соққыға жыққанын жазған болатынбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1879254-14-zasar-kyz-zigit-sin-symkentke-kaskan-okigany-mn-zajy-belgili-boldy.html