RU

Ауылда жүріп, желінің жұлдызына айналған қазақ келіндерін білесіз бе (фото)

Фото
Көрнекі фото: Limon.KG

Әлеуметтік желіде ауыл өмірін насихаттап, ел арасында кеңінен танылған блогерлер бар. Олардың басты мақсаты өздері өмір сүріп отырған өңірдің қаладан кем түспейтінін көпшілікке жеткізу деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Айнұр Жакенова сиыр сауып, сүт тартып, май шайқайды. Сонымен қатар, қой қырқып, қора тазалап, шөп те жинайды. Мұндай тірлікті қомсынбайды. Өйткені, ауыл тіршілігін жанымен сүйетінін айтып, ағынан жарылды.

"Менің негізгі блогымның мақсаты - жастарды ауылға шақыру. Ауылға келіңіздер, еңбек етіңіздер, малшы, қойшы, тракторшы жігіттеріңізді ұстап алып, қолтықтап алып, қалаға кетпеңіздер. Ауыл қаңырап қалмасын деп көбінесе жастарды ауылға шақырамын", - деді блогер Айнұр Жакенова.

Ақтөбенің келіні бір қолымен бесік тербетіп үш бала тәрбиелеп қана отырған жоқ. Қалада не үйі, не күйі жоқ көптеген бойжеткендердің қолынан келмейтін тірлікті де дөңгелетіп отыр. Әлеуметтік желіні ұршықша үйіруде.

Бұл күнде Instagram желісінде 240 мың оқырманы бар. Оларға шалғайда да өмір барын, шалқып өмір сүруге болатынын дәлелдеп жүр. Ең бастысы - бақыттымын дейді.

"Менің таңертеңім жаздың күні сағат 4-4:30-да тұрудан басталады. 10 сиыр сауудан басталады. Сонымен қатар ауылда газ жоқ, от жағамыз деген сияқты", - деді ол.

Батыстың келіні Мейрамгүл Төлегенова да ерінбей-жалықпай инста әлемінде ауыл өмірін насихаттап жүр. "Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей" деген тәмсілдің қала мен дала таңдамайтынын талайға дәлелдеген жан. Жеміс-жидек сатып, темір тұлпар тізгіндегін келіншектің замандас құрбыларына айтар кеңесі де бар.

"Негізінде ауылда өмір сүру ауылдың қадірін ауылда тұратын адамдар біледі. Негізінде ауылда өмір сүру қиын емес. Ол үшін тек қана еңбекқор болу керек. Ерте тұрып, ерте жатып деген сияқты. Ауылда қазір жақсы мүмкіндіктер бар: газ бар, су бар ішке кіріп тұрған. Ол да қаланың несімен бірдей ғой, шапшаңдық керек", - дейді ол.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін көлігінде қалған 65 мың долларды иесіне қайтарған алматылық азамат туралы жазған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1879288-auylda-zrip-zelini-zldyzyna-ajnalgan-kazak-kelinderin-bilesiz-be-foto.html