RU

Коронавируспен күресіп жүрген дәрігерлерге қосымша 143,4 млрд теңге бөлінеді

Дәрігерлер
Көрнекі фото: pixabay.com

2020 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы заң жобасында коронавирус инфекциясымен күреске қосымша 238,7 миллиард теңге бөлу қарастырылған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.

Бұл туралы қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәлімдеген. Оның айтуынша, республикалық бюджет COVID-19-ға қарсы күрес шараларын іске асыру және экономиканың нақты секторын қолдау үшін нақтыланып отыр.

"Коронавирус инфекциясымен күрес бойынша жұмыстарға қосымша 238,7 миллиард теңге бөлінді. Осы қаражатқа карантин шараларын жүргізуге тартылған медицина қызметкерлеріне 143,4 миллиард теңгеге қосымша ақы төлеу, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында COVID-19-дың таралуына жол бермеу мақсатында медициналық қызметтерге 83,2 миллиард теңге ақы төлеу қарастырылып отыр", - деді Жамаубаев үкімет отырысында. 

Сондай-ақ, ішкі істер органдарының қызметкерлеріне эпидемияға қарсы шараларға қатысқаны үшін сыйақы төлеуге 11,7 миллиард теңге жұмсалады.

Сонымен қатар, экономиканы қолдау және күш құрылымдарын әлеуметтік қамтамасыз ету бойынша басым шығыстарды қаржыландыруға 261,7 миллиард теңге бөлу көзделген.

Министрдің айтуынша, бұл ақша есебінен өндірісті ынталандыру, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту мен табысын ұлғайту жоспарланып отыр. 

Еске сала кетсек, Қазақстанда жұмыста жүріп коронавирустан қайтыс болған 182 медицина қызметкерінің отбасына 10 миллион теңгеден әлеуметтік өтемақы төленеді. Денсаулық сақтау министрлігінің мәлімдеуінше, төлем осы аптаның соңына дейін жасалмақшы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1879309-koronaviruspen-kresip-zrgen-drigerlerge-kosymsa-1434-mlrd-tege-blinedi.html