RU

Алматыда еріктілер жеті жасар тастанды баланың анасын іздеп жатыр

Никита әжесі мен өгей анасымен бірге
Фото: Facebook

Алматыда жеті жасар балақайға бірінші сыныпқа бару - арман. Осы күнге дейін құжатсыз өмір сүріп жатқан балаға туу туралы куәлікті алу қиынға соғып отыр. Еріктілер сегіз айлық баланы тастап кеткен ананы іздеп жатыр деп жазады KAZ.NUR.KZ порталы.

Никитаны анасы сегіз айлығында енесіне тастап, із-түзсіз кеткен. Ал әкесі таяуда темір торға қамалыпты. Ресми тіркелмеген некеде туған балақай өз әжесі Клавдия Лоскутованың қолында қалған. Олармен бір шаңырақта әкесінің екінші әйелі тұрады. Никитаның өгей анасының да құжаттары жоғалған.

"Міне, бірінші тоқсан аяқталуға жақын, бірақ балақайдың арманы алыстап барады. Барлық құжаттарды жинастырып, Медеу аудандық АХАЖ бөліміне тапсырдық. Бірақ перзентханадан берілген анықтама анасының атында болғандықтан, неке тіркелмегендіктен баланың туған анасын қалай да іздеп табу керек. Онымен қоймай оған да құжат жасату керек. Сол үшін тағы 10 ай кетеді. Бар мәселе осында", - дейді көпбалалы ана, ерікті Аида Букаева.

Баланың құжатын жасатудың екінші жолы – оны тастанды бала деп тану. Ондай кезде балақайды балалар үйіне өткізу қажет болады. Содан кейін сот арқылы әжесі мен өгей анасы туыстық қатынасы бар екенін дәлелдеуі тиіс.

Аида Букаеваның айтуынша, немересін балалар үйіне беруге әжесінің дәті жібермейді. Екіншіден, балалар үйінде орын тапшы.

Медеу аудандық Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекция маманы құжат жасатудың ең қысқа жолын ұсынды. Ол - баласын тастап кеткен ананы тауып, құжаттарын реттеу.

"Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекцияның атқаратын қызметі тек тіркеуге алу ма?", - деп налыды ерікті Аида Букаева.

Осы тұста ол жоғарыдағы шенеуніктерге жанайқайын жеткізді.

"Бұл бала қашан бірінші сыныпқа барады? Ол анасының әрекеті үшін жауапты ма? Елімізде жетімдердің жоғын кім жабады?", - деген ерікті жақын арада балақайдың мектепке ілінуіне күмәні барын жасырмады.

Еске салса кетсек, бұған дейін Жетісайда 100 жастағы әжей өмірінде алғаш рет жеке куәлік алғанын хабарлаған едік.

Сонымен қатар дүниеге келгелі бері ешбір құжатсыз тұрып жатқан Алматы облысының тұрғыны жайлы жазған болатынбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1879317-almatyda-eriktiler-zeti-zasar-tastandy-balany-anasyn-izdep-zatyr.html