RU

Алматы облысында ақша бопсалаған қылмыстық топ мүшелері ұсталды

Алматы облысында ақша бопсалаған қылмыстық топ мүшелері ұсталды
Көрнекі фото: piqsels.com

Алматы облысында 4 адамнан тұратын қылмыстық топ ұсталды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Биыл қыркүйек айының соңында Алматы облысының полиция департаментіне Қапшағай қаласының 35 жастағы екі тұрғыны олардан ірі көлемде ақша қаражатын бопсалаған адамдар тобы туралы арызданған.

Күдіктілер арызданушылардың біреуінен 400 000 теңге, екіншісінен 240 000 теңге алып, тағы 600 АҚШ долларын беру керектігін айтып, бопсалауларын жалғастырған.

Аталған дерек қылмыстық кодекстің 194-бабы 2-бөлігі (Қорқытып алу) бойынша тіркелген.

“Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Қапшағай қаласының 35, 34, 32 және 31 жастағы төрт тұрғыны ұсталды. Қазіргі уақытта төрт күдікті де қамауға алынды. Бопсалаушылар тобының ұйымдастырушысы бұрын да осындай әрекеті үшін екі рет қылмыстық жауапкершілікке тартылған және 2003 жылы 3 жылға, ал 2008 жылы 5 жылға бас бостандығынан айырылған. Бұл қылмыстардың алдын ала дайындалғандығы анықталды.
Қылмыстық жауапкершіліктен жалтару үшін айыпталушылар өздерінің қылмыстық әрекеттерін қарызды қайтару туралы талап деп түсіндірген", – деп хабарлады Алматы облысының ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Асхат Данияр.

Жәбірленушілер полицейлерге кәсіби шеберліктері мен қауіп-қатерден арылуға көмек көрсеткені үшін алғыстарын айтып, тәртіп сақшыларының азаматтарды зорлық-зомбылықтан қорғауда белсенді қызмет көрсеткенін атап өтті.

Еске салсақ, әлеуметтік желіде Шығыс Қазақстан облысы полиция қызметкерінің үндеуі жарияланды. Айтуынша, бастығы тұтқындалған азаматты жерлеу рәсіміне байланысты босатуға мәжбүрлеген.

Сондай-ақ Маңғыстау облысы қылмыстық атқару жүйесі департаментінің қызметкерлері жетекшілерінің үстінен ұжымдық арыз жазған. Полицейлер басшылық тарапынан психологиялық қысым жасалатынын айтқан.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1879328-almaty-oblysynda-aksa-bopsalagan-kylmystyk-top-mseleri-staldy.html