RU

"13 күніңіз бар": Тихановская Лукашенкоға ультиматум қойды

"13 күніңіз бар": Тихановская Лукашенкоға ультиматум қойды
Светлана Тихановская. Фото: Riccardo Pareggiani/NurPhoto via Getty Images

Биыл Беларусьте өткен президент сайлауына түсіп, екінші орын алған саясаткер Светлана Тихановская елдің қазіргі басшысы Александр Лукашенкоға ультиматут қойып, оған 13 күн уақыт берді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.

Бұл туралы Светлана Тихановская Telegram-дағы ресми арнасында мәлім етті.

"Екі ай бойы саяси дағдарыс, зорлық-зомбылық және заңсыздықтар болып өтті – біздің шыдам таусылды. 25 қазанда біз халықтық ультиматум жариялаймыз", – деп жазды Тихановская.

Ол өз жазбасында қазіргі билік 3 маңызды талапты орындауы керек екенін жазып, оның үстіне мерзімін де көрсеткен.

"Үш міндетті талапты орындау үшін жүйенің 13 күні қалды:

  • 1. Лукашенко отставкаға кететіні туралы жариялауы керек.
  • 2. Көшедегі зорлық-зомбылық толығымен тоқтауы қажет.
  • 3. Барлық саяси тұтқындар босатылуы тиіс.
Егер біздің талаптарымыз қазанның 25-іне дейін орындалмаса, онда бүкіл ел болып "Халықтық Ультиматуммен" бейбіт жолмен көшеге шығамыз.

26 қазанда барлық кәсіпорындардың ұлттық ереуілі басталады, барлық жолдар жабылады, мемлекеттік дүкендерде сатылым құлдырайды.

Аталған үш шартты орындау үшін сіздерде 13 күн бар. Бізде дедайындалуға 13 күн бар, ал осы уақыт ішінде беларусьтер өздерінің бейбіт және табанды наразылықтарын жалғастыратын болады", – деп жазды Тихановская.

Еске салсақ, Александр Лукашенконың жасырын түрде инаугурация өткізіп, президент қызметіне кіріскені туралы жазған едік. Сайлау нәтижесін әділ емес деп есептейтін Светлана Тихановская да саяси додаға қатысқан болатын. Тихановскаямен оның серіктестері билікті бейбіт беру жөніндегі үйлестіру кеңесін құрған.

Сондай-ақ Беларусь президенті өзін жасырын түрде инаугурация өткізді деп айыптағандарға жауап берген болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1879400-13-kniiz-bar-tihanovskaa-lukasenkoga-ultimatum-kojdy.html