RU

50 мың теңгелік көмекті кімдер алатыны белгілі болды

Ақша
Көрнекі фото: Sputnik / Абзал Калиев

"Birgemiz" қоры 100 мың отбасыға бір реттік материалдық көмек көрсетеді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Sputnik Қазақстан агенттігіне сілтеме жасап.

Материалдық көмекті іске асыру үшін Қазақстанның Тұңғыш Президентінің тапсырмасымен 5 миллиард теңге Нұрсұлтан Назарбаев қорынан "Birgemiz" қорына аударылған.

Сол арқылы 100 мың отбасыға 50 мың теңге көлемінде қаражат берілмек.

"Birgemiz" қорының төрағасы Руслан Сакеевтің сөзінше, көмек қаражатты алушылардың 7 санаты бекітілген.

  • Олардың қатарында тұрмысы төмен көпбалалы отбасы,
  • мұқтаж мүгедектер,
  • мүгедек баланы тәрбиелеп отырған отбасы,
  • ең төменгі зейнетақы алатын және халықтың әлеуметтік жағынан осал тобына жататын зейнеткерлер,
  • жетім балалар (тұл жетімдер және асыраушысының бірінен айрылған балалар),
  • Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен мүгедектер немесе соған теңестірілгендер,
  • тыл еңбеккерлері бар.

"Көмек алушылардың тізімін бұрынғыдай әкімдіктер ұсынады. Бұл ретте біз бұрын көмек көрсетілмеген азаматтардың алуын қадағалаймыз", – деп түсіндірді қор төрағасы.

Сакеев бір реттік көмек жақын күндері берілетінін атап өтті.

Айта кетейік, "Birgemiz" қоры 2020 жылдың наурызында Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен коронавируспен күрес жағдайында халықты қолдау үшін құрылды. Бұған дейін қор есебінен 550 мыңнан астам мұқтаж азамат 50 мың теңгеден алды.

Пандемиямен күресте алдыңғы шепте болған елорда мен Алматы қаласының 2 112 медицина қызметкеріне бір реттік төлем жасалды.

Еске сала кетсек, осыған дейін Nur Otan партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Бауыржан Байбекті қабылдаған болатын.

Кездесуде Елбасы партия мен "Birgemiz" қорына әлеуметтік жағынан осал топқа кіретін 100 мың отбасыға 50 мың теңгеден қосымша көмек беру мәселесін пысықтауды тапсырды.      

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1879422-50-my-tegelik-kmekti-kimder-alatyny-belgili-boldy.html