RU

Латвия радиосында Димаш айы жарияланды

Димаш Құдайберген
Фото: Gettty Images/ Artyom Geodakyan / Contributor

Латвия радиостанцияларының бірі қазан айын Димаш Құдайбергеннің айы деп жариялады. Бір ай бойы әншінің туындылары бір күнде бес реттен радиода шырқалмақ деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Dimashnews.com сайтына сілтеме жасап.

Бұл - аталмыш радиостанцияда бір орындаушыға арналған максималды ән саны.

Қазан айын Димаштың айына айналдыру идеясы PIK100FM радиосында Dimash Latvia Dears фан-клубының бастамасымен жүзеге асқан. Димаш әндерінің жазғы ротациясы сәтті өткені соншалық, радио бір айды толықтай әншіге арнауды ұйғарған.

Бұл бастаманы қолдап, жүзеге асыруға барын салған радионың музыкалық редакторы – Симона Летова Димаштың латвиялық жанкүйерлеріне сұхбат берген екен.

"Жас та болса әлемге әйгілі әншінің шығармашылығымен мен де таныспын. Оның өнері мені де бей-жай қалдырмады, ерекше әсер етті. Сондықтан, Латвия фан-клубымен бірлесе отырып, оның екі әнін өз радиомыздан беруге шешім қабылдадық. Ол композитор Игорь Крутойдың Михаил Гуцериев, Лара Фабианмен бірлесіп жазған "Любовь уставших лебедей" және "Your love" әндері. Бұл тыңдармандардың назарын аударды", - деп сөзін бастады редактор.

Симона Димаштың қазақ тіліндегі әні ерекше сұранысқа ие болғанын айтуда.

"Одан соң Лиго мерекесіне орай латвия аудиториясына қазақ тілін таныту үшін Димаштың өз ана тілінде орындаған "Дайдидау" әнін қойдық. Бұл туынды бірден негізгі радионың негізгі әндер тізіміне енді. Ал қытай тіліндегі ән біздің Латвия халқы үшін таңқаларлық әуен болды.

PIK100FM радиосы Латвия жұртшылығына Димаштың қазақ, қытай тіліндегі әуендерін жеткізді. Димаштың төрт тілде шырқаған әндері радиодан жаз бойы берілді. Осы уақытта әлемнің әр еліндегі тыңдармандардан жылы лебіздер мен алғыс пікірлер келді", - дейді музыкалық редактор.

Симона Летовның айтуынша, енді күн сайын радио арқылы Димаштың 5 әні шырқалмақ.

"Күз – көңілсіздік мезгілі. Оның үстіне қазір жұмыс, тұрмыспен жүрген жандарға ерекше серпін қажет. Бұл уақытта Димаштың әндері бізге шабыт, ерекше көңіл-күй сыйлайтын болады. Оның үнін музыкалық терпаия десе де болады. Кейде өзім де "жап-жас қазақ әншісінің феномені қандай?" деп ойлаймын. Құдыреті неде? Содан кейін менің ойыма қызықты салыстыру келеді.

Сіз білесіз бе, айқұлақты (устрица) әр жерден аулап жегенде олардың дәмі әртүрлі болады. Бірақ ол сол жерде естен шығып кетеді. Ал бақалшақтың ішінен інжу-маржан тауып алсаңыз ше? Есіңізден мәңгі кетпейді. Радиодағы әндер жиынтығы да осындай. Музыка біздің өміріміз үшін маңызды рөл атқарады", - дейді ол.

Летова әншіні інжу-маржанға теңеуде.

"Адамның кейде ұнжығасы түсіп, көңілін кірбің басады. Осындай сәтте Димаштың дауысын ести қалсаң еріксіз қозғалыссыз қаласың. Еріксіз елти бересің және жадыңда жатталып қалады. Музыка саласында менің де тәжірибем бар. Қазір енді ән шырқап жүрмін, тіпті қытай тілінде де. Әншінің музыкалық стилі талғамына сай тыңдарманын тәрбиелейді. Мұның барлығы радиоға шуақ шашқандай әсер етеді. "Інжу-маржан сәулесі" эффектісі десе де болады", - деп ойын түйді ол.

Айта кетейік, радиодан небәрі 30 күн ішінде белгілі бір уақытта Димаштың әндері 150 рет шырқалады. Әндер тізімі бес күн сайын өзгеріп отырады. Жоспар бойынша алғашқы онкүндікте махаббат туралы әндер қойылса, одан кейін тақырыптар ауысып отырады.

Еске салсақ, бұған дейін біз Қытай ток-шоуының қатысушысы Димаштың қазақ тіліндегі әнін орындағанын жазған едік.

Одан бөлек, MTV ерекше сұранысқа ие болған Димаш Құдайбергенді тағы да көрсететінін жазған болатынбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1879431-latvia-radiosynda-dimas-ajy-zarialandy.html