RU

"Артқы есіктен кіргізіп алады": Шымкентте карантин кезінде той жасайтындар көбейген

Той
Көрнекі фото: pixabay.com

Солтүстік пен батыста кейбір аудандар карантинге жабылып жатқан шақта оңтүстікте күнде той. Әсіресе Шымкент жұрты сақтық шараларын керек қылатын емес деп жазады KAZ.NUR.KZ Астана арнасына сілтеме жасап.

Телеарнаның хабарлауынша, мамандар шаһарда күні-түні тексерулер жүргізіп, жүздеген айыппұл салса, да оның көмегі тиетін емес. Мұнда күнде қыз ұзату, үйлену, беташар, сүндет той, бесікке салу сияқты бір той екен.

Ал бекітілген ережеге кәсіпкерлер мойынсұнбайтын көрінеді. Олар қонақтарды артқы есіктен кіргізіп алатын болған. Осыны білген мамандар бір тәулік ішінде қаладағы 102 нысанды тексеріп, соның жартысының иелерін жауапқа тартқан.

Карантин басталғалы бері 38 млн теңге көлемінде айыппұл салынған.

"Бесік тойымызды үйімізде немесе тойханаға тапсырыс беріп, тығылып жасай саламыз деген ойменен жасап жатқан адамдар өте қателесіп жатыр.
Себебі ол жерде туған-туыстар кездеседі, бір-бірімен амандасып, сүйісіп қауышу бар, ол бірінші қарым-қатынас аурудың таралу жолы", - дейді Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бөлім басшысы Айгүл Тұрымбетова.

Рейд Шымкентте ғана емес Түркістан облысы бойынша жүрген. Аймақ бойынша бір тәулік ішінде, 236 отбасылық мереке анықталып отыр.

Мобилді топтар, шілденің 5 мен қазанның 10 аралығында 30 мыңға жуық нысанды аралап, 4 мыңға жуық ереже бұзушылықты анықтаған. Оларға аймақ бойынша 150 млн теңге көлемінде айыппұл салынған.

А. Төребекқызы

Айта кетейік, бұған дейін Таразда карантинге қарамастан жасырын той жасайтындар тыйылмай тұрғанын жазған едік.

Мәселен бақылау тобы тексеріс кезінде бір күннің өзінде бірнеше салтанатты шараның үстінен түскен. Көп жағдайда мейрамханалардың ішіне кіру мүмкін болмайды екен.

Сонымен қатар Қарағандыда мобильді топ карантин уақытында той жасағандарды анықтаған болатын. Тыйымға қарамастан, жанұялық салтанатты кешке жүзге жуық адам жиналған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1879432-artky-esikten-kirgizip-alady-symkenttikter-karantinge-karamastan-toj-zasaryn-koar-emes.html