RU

Жыл соңына қарай қазақстандықтарда COVID-19-ға қарсы иммунитет болмауы мүмкін

Маска таққан әйел адам
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой ОКҚ өткен брифингте жыл соңына қарай қазақстандықтарда COVID-19-ға қарсы иммунитет төмендеп, вирус жұқтыру қаупі артуы мүмкін екенін айтты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Zakon.kz-ке сілтеме жасап.

Алексей Цойдың айтуынша, ғалымдардың бағамдауына сәйкес, коронавирус белгілері болмаса да ауырған азаматтарда вирусқа қарсы антидене бір ай болады.

"Орташа немесе ауыр деңгейде ауырғандарда 3-5 ай аралығында антидене болады. Осылайша, егер коронавирус инфекциясының шарықтау шегі 2020 жылдың маусым-шілде айларына келген болса, егер біз талдау жүргізіп, 3-5 айдан кейін қараша-желтоқсан айларында болады деп болжасақ, онда ауру жұқтырғандарда антиденелер азайып, олардың қайтадан коронавирус жұқтыру қаупі бар", - дейді министр.

Министр әлемде COVID-19 инфекциясын қайтадан жұқтыру жағдайлары тіркеліп жатқанын атап өтті.

Еске сала кетсек, елімізде соңғы деректер бойынша, елімізде өткен тәулікте 83 адамнан коронавирус анықталды. Осылайша, жалпы ел бойынша коронавирус жұқтырғандар саны 108 984-ке жетіп отыр.

Айта кетейік, бұған дейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирустың екінші толқыны жоқ екенін мәлімдеген болатын.

Бұл жөнінде ұйымның төтенше жағдайлар жөніндегі аймақтық директоры Дорит Ницан "Пандемия 2020: қауіп-қатерлер, шешімдер, салдары" тақырыбында өткен халықаралық конференцияда айтқан.

Ал еліміздегі денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтыру бойынша жағдай күрделеніп бара жатқанын жеткізген еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1879485-zyl-soyna-karaj-kazakstanda-koronaviruska-karsy-immunitet-kalmauy-mmkin.html