RU

Қазақстан коронавируспен күресу үшін азиялық банктерден несие алмақ

Қазақстан теңгесі
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Қазақстан коронавирус инфекциясымен күресу үшін Азия Даму Банкі мен Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінен несие алмақ деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Zakon.kz-ке сілтеме жасап.

"Қазақстан мен Азия даму банкі арасындағы несиелік келісімді ратификациялау туралы" және "Қазақстан мен Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі арасындағы несиелік келісімді ратификациялау туралы" заң жобалары үкіметтің қаулысымен мәжіліске жіберілген.

"Несиелік қаражат коронавирустық инфекцияның таралуына қарсы іс-қимыл аясында әлеуметтік-экономикалық жағдайдың тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған дағдарысқа қарсы шаралардың кешенін қолдауға тартылатын болады", - дейді мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Гүлжан Қарағұсова.

Ол заң жобасы бойынша қорытынды 2021 жылдың 9 маусымына дейін дайындалатынын атап өтті.

Еске сала кетсек, бұған дейін 2020 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы заң жобасында коронавирус инфекциясымен күреске қосымша 238,7 миллиард теңге бөлу қарастырылғанын хабарлаған едік.

Осы қаражат есебінен коронавируспен күресіп жатқан медицина қызметкерлеріне 143,4 миллиард теңгеге қосымша ақы төленеді.

Айта кетсек, елімізде жұмыста жүріп коронавирустан қайтыс болған 182 медицина қызметкерінің отбасына 10 миллион теңгеден әлеуметтік өтемақы төленеді. Денсаулық сақтау министрлігінің мәлімдеуінше, төлем осы аптаның соңына дейін жасалмақшы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1879497-kazakstan-koronaviruspen-kresu-sin-azialyk-bankterden-nesie-almak.html