Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Күтпеген қуаныш": Елорда маңында төрт жыл бойы вагонда тұрған жанұя үйлі болды (фото)

Опубликовано:

Отбасы
Фото: ҚМДБ

Елорда маңындағы Қоянды ауылында төрт жылдан бері темір вагонда тұрып жатқан мұғалім Мая Цофонқызының жанұясы күтпеген жерден жаңа қонысқа ие болды. Ешкімге қол жаймай, ешкімнен көмек сұрамай күн кешіп жатқан отбасыға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы үш бөлмелі үйдің кілтін табыстады. Мұндай тосынсыйды мүлде күтпеген география пәнінің мұғалімі KAZ.NUR.KZ тілшісіне ағынан жарылып сұхбат берді.

"Біз үш жыл бойы пәтер жағалап жүрдік. Кейін жолдасым құрылыс кезінде басын жарып алып, жағдайымыз сәл қиындай түсті. Десе де, біз берілген жоқпыз. Үй сұрап, ешкімнің есігін қаққан жоқпыз. Туысқандарымызбен бірге тұру туралы ұсыныстар болған. Бірақ баланың у-шуы мен көптеген жайттарды жолдасымның денсаулығы көтермеді. Осы кезде жақын ағам көмекке келіп, өзінің темір контейнерінде тұруға рұқсат берді", - деп есіне алды Мая.

Келіншек вагонда отбасымен төрт жыл бойы тұрған екен.

"Вагонға көшіп барған кезде кіші ұлым екі айлық болатын. Қиыншылықтарға берілмедік. Өз өміріміз өзімізге ұнайтын. Таныстарымыз "Нұр Отаннан", танымал кәсіпкерлерден көмек сұраңдар деп те айтты. Бірақ біз бәріне еңбекпен жеткіміз келді", - дейді Мая.

Мая ханым үш жылдан бері Қояндыдағы мектептердің бірінде география пәнінен сабақ береді. Олар үй алатыны туралы жаңалықты мүлде естімеген.

Отбасы
Фото: ҚМДБ

"Өзім мектепте мұғаліммін. Жақын таныстарымыз болмаса, біздің вагонда тұратынымызды көп ешкім білмейтін. Мектептен тапқан жалақым өз өмірімізге, тамақ пен киімге толық жететін. Ал жазғы каникул кезінде астана маңындағы бақшалардан қарақат теріп, соны сатып шығамын.

Шыны керек, қарақат сатып та күн көруге болады. Кезінде елбасы қала маңын көгалдандыру үшін көшеттер отырғызу туралы идея айтқан. Соның жемісін мен көрдім. Қарақат сатып, қысқа біраз азық жинап алатынмын. Ал үй жағы қиындау болды", - деп жалғастырды ол.

Отбасы өздерін үш бөлмелі пәтер күтіп тұрғанынан бейхабар болған екен.

"Ұлдарымыз үйленіп, құда-құдағи атанғанша бір үйлі болармыз деп жүрдік. Біздің жағдайымызды жақын адамдардың бірі мүфтиятқа айтқан секілді. Күтпеген жерден бізге баспана сыйға тартты! Қуанышымзда шек жоқ қазір! Тіпті, бізге үй беретінін айтқан жоқ. Жай ғана қонаққа шақырып жатыр деген соң, барған едік. Алланың сыйында шек жоқ, бізді ерекше тосынсый күтіп тұр екен", - дейді мұғалім.

Бүгінде Мая ханым күн сайын қонақ күтіп, қоныс той жасауда. Ал жаңа үйге көшкен ұлдарының қуанышында шек жоқ.

Отбасы
Фото: ҚМДБ

"Жолдасым екеуміз екі ұл тәрбиелеп отырмыз. Алғашында жаңа үйге көшкенімізге олар да сенген жоқ. Ұлдарым біз ас үйге барсақ та, қонақ бөлмеге кірсек те, қасымызда еріп жүреді. Бір күні кішкентай ұлым: "Бұл қымбат үй ғой, иә?" деп сұрап қояды бізден. Үлкенім болса, үйге сыныптас достарын шақыратынын айтып, мәз-мейрам болып жүр.

Осы орайда, бізге үй алуға көмектескен барша ағайынға, еліміздегі Мұсылмандар діни басқармасына, ондағы қызметкерлер мен Бас мүфтиге және барша мейірімді адамдарға алғысымды айтамын. Бұйырса, мұғалімдердің де жалақысы көтеріліп жатыр. Алдағы уақытта қатардан қалмай, тіршілігімізді жалғастырамыз", - дейді Мая Цофонқызы.
Отбасы
Фото: ҚМДБ

Еске салсақ, бұған дейін біз төрт жыл бойы вагонда тұрып келген мектеп мұғалімі баспаналы болғанын жазған едік.

Одан бөлек, жақында Павлодар облысы Шарбақты ауданы Есілбай ауылының белсенді жастары жергілікті зейнеткерге екі бөлмелі үй салып бергенін жазған болатынбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1879534-ktpegen-kuanys-elorda-maynda-trt-zyl-bojy-vagonda-trgan-zana-jli-boldy-foto/

pixel