RU

Денсаулық сақтау министрі мектептерді дәстүрлі форматқа ауыстыру туралы айтты

Фото
Фото: Артем Букреев/Орал апталығы

Денсаулық сақтау министрлігі білім министрлігімен бірге екінші тоқсанның қандай форматта өтетінін талқылап жатыр. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Sputnik Қазақстан агенттігіне сілтеме жасап.

Басылым мәліметінше, онлайн баспасөз мәслихатында журналистер Цойдан оқушылар дәстүрлі оқыту форматына қашан оралатынын сұраған.

Өз кезегінде денсаулық сақтау министрі қазіргі уақытта осы мәселені қарастырып жатқанын атап өтті.

"Өңірлерде вирус жұқтырған балалар анықталып жатқанын көріп отырсыздар. Оффлайн режимде оқитындар қашықтан білім алатындарға қарағанда инфекцияға жиі шалдығады. Бізде білім министрлігімен осындай сыныптарды оқытуға мүмкіндік беретін әдіс-тәсілдер бар. Екінші тоқсан қандай форматта өтетінін әлі талқылап жатырмыз", – деді министр.

Еске сала кетейік, бұған дейін елімізде коронавирус жұқтырған оқушылардың саны артып жатқаны анықталған болатын. Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қоджахметов ресми деректерді келтірген еді. Оған сәйкес, дерт жұқтырған оқушылар саны бойынша Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстары көш бастап отыр.

Одан бөлек,оқушылар екінші тоқсанда қалай оқитыны белгілі болды. Алматы білім басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Жұманов қалада эпидемиологиялық жағдай жақсарса, ең алдымен 1-4 сынып оқушылары дәстүрлі форматқа көшетінін мәлімдеген.

Оның сөзінше, халықтың сырқаттану деңгейі тұрақты түрде төмендеген кезде оқытудың дәстүрлі форматына кезең-кезеңімен көшу мәселесі қаралады екен.

Сонымен қатар, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов қашықтан оқыту туралы сөз қозғап, дәстүрлі форматқа ауысудың мерзімі туралы айтқан болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1879544-densaulyk-saktau-ministri-mektepterdi-dstrli-formatka-auystyru-turaly-ajtty.html