RU

Қазақстанның қай аймақтарында карантин жеңілдемейді

Фото
Көрнекі фото: NUR.KZ

Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Алексей Цой орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте коронавирус салдарынан эпиджағдайы ушығып кеткен аймақтарды атады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Алексей Цой аймақтардың эпидемиологиялық жағдайы бірнеше индикаторлармен, соның ішінде вирустың репродуктивтік қабілетімен (бір пациенттен жұқтыруы мүмкін адамдар саны - ред.) бағаланатынын атап өтті.

"Республика бойынша соңғы бір аптада репродуктивті коэффициент 1,1 құрады. Бұл көрсеткіштен төрт облыс қана жоғары тұр. Олардың қатарында миллионнан астам тұрғыны бар Нұр-Сұлтан мен Шымкент, сонымен қатар Атырау мен Жамбыл облыстары бар: 1,26, 1,13, 1,34 және 1,24. Басқа аймақтарда бұл көрсеткіш төмен", - деді денсаулық сақтау министрі.

Естеріңізге сала кетейік, Алексей Цой денсаулық сақтау министрлігі әлемдегі эпидемиологиялық жағдайды үнемі талдап отыратынын жеткізген еді. Осыған байланысты БАҚ өкілдері біздің елімізде ауру жұқтыру жағдайы көбейген кезде қайта төтенше жағдай режимін енгізу мүмкін бе деп сұраған болатын. Министр бұған жауап ретінде барлығы эпиджағдайға байланысты екенін жеткізді.

"Егер эпидемиологиялық жағдай қажет етсе, төтенше жағдай режимі енгізіледі", – деді Алексей Цой.

Айта кетейік, Қазақстан коронавирус инфекциясымен күресу үшін Азия Даму Банкі мен Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінен несие алмақ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1879560-kazakstanny-kaj-ajmaktarynda-karantin-zeildemejdi.html