RU

Елімізде коронавирусты қайта жұқтыру жағдайы тіркелді ме

дерт
Көрнекі фото: NUR.KZ

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында "елімізде коронавирус инфекциясын қайтадан жұқтыру фактілері тіркелді ме?" деген сауалға жауап берді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.

"Қазіргі уақытта бұндайлар жағдайлар Қазақстанда тіркелмеді. ПТР зерттеуді қайта жүргізу жағдайы болды, онда індетке қатысты оң нәтиже көрсетілген еді. Осы орайда бұның бір бөлігі қайтадан көрінген вирустың бөлшектері екенін байқадық. Жалпы, індетке адамдардың қайтадан шалдығуы оқиғалары елімізде анықталмады", - деп жауап қатты министр.

Cонымен қатар, Алексей Цой брифингте қазақстандық қалалар қандай жағдайда карантинге жабылатынын айтты.

"Егер режимдер толық орындалмаса, қаламасақ та, қалаларды жабуға тура келеді. Шамамен есептесек, желтоқсан мен қаңтар айында. Егер біз қазір қатаң шараларды қолдансақ, халық денсаулығын қорғау үшін әрқайсымыз атсалыссақ, қатаң локдаунды болдырмау мүмкіндігі бар. Бірақ, ол үшін біз қазір елде енгізілген шектеулерді қатаң сақтауымыз керек", - деді министр.

Естеріңізге сала кетейік, Алексей Цой денсаулық сақтау министрлігі әлемдегі эпидемиологиялық жағдайды үнемі талдап отыратынын жеткізген еді.

Осыған байланысты БАҚ өкілдері біздің елімізде ауру жұқтыру жағдайы көбейген кезде қайта төтенше жағдай режимін енгізу мүмкін бе деп сұраған болатын.Министр бұған жауап ретінде барлығы эпиджағдайға байланысты екенін жеткізді.

"Егер эпидемиологиялық жағдай қажет етсе, төтенше жағдай режимі енгізіледі", – деді Алексей Цой.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1879572-elimizde-koronavirusty-kajta-zktyru-zagdajy-tirkeldi-me.html