RU

"Түсіме жиі кіреді": Ләйлә Сұлтанқызы марқұм ағасына деген сағынышын жеткізді

Ләйлә Сұлтанқызы
Фото: Instagram/sultankyzy

Отандық танымал тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы марқұм ағасын қатты сағынып жүргенін айтып, оқырмандарына жан сырын ақтарды. Ақпарат өкілі соңғы кезде ағасы түстеріне жиі кіретін болғанын байқаған деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Ләйлә Сұлтанқызы ағасын есіне алып, Instagram парақшасында оған жантебірентерлік жазба арнады. Онда тележүргізуші туғанын түстерінде жиі көретін болғанын алға тартып, оған деген сағынышы басылар емес екенін айтты.

Ақпарат өкілінің ойынша, ағасы оның түстеріне жиі кіру арқылы өзін қорғап, қолпаштап жүр.

"Ағамды сағындым. Жүрегімнің түкпірінен шыққан сөзбен, уайыммен қабаттасқан мұңмен жиі бөлісе бермеймін ғой. Бұл жолы ішімдегіні сіздерге шығарып алғым келді, көп көрмеңіздер. Тағы да көрдім сені. Тағы да аппақ киімдесің. Тағы да со баяғы балғын балалық өткен ауылдамыз. Әдеттегідей жүзің жарқын, көп жымиясың. Екеуміз де көңілдіміз. Со баяғы әткеншегіміз – темір төсек.
Қайта-қайта маған: «Ляля, құлап қалма! Ләйлөк, байқа» , - деп қамқорлық танытасың. Бір-екі рет сүрініп ем, дереу тұрғыздың... Бәрі бұрынғыдай... Ойынға мәз боп жүрген Руслан мен Ләйлә. Түсіме жиі кіргеніңе қарағанда жанымда қорғап, қолпаштап, қолдап жүрсің-ау, ағатай. Сен көрмегенді жанұяң көрсінші. Барыңызды бағалай біліңіз. Уақыт тым қысқа" , - деп жазды Ләйлә Сұлтанқызы.

Айта кетейік, Ләйлә Сұлтанқызының туған ағасы осы жылдың 23 шілдесінде дүниеден өткен болатын. Ол инсульт алып, он бір күн бойы реанимацияда жатқан.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1879580-tsime-zii-kiredi-ljl-sltankyzy-markm-agasyna-degen-sagynysyn-zetkizdi.html