RU

Қазақстандық кинотеатрлар жұмысы қайта жандана ма

кинотеатр 165
Көрнекі фото: pixabay.com

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой кинотеатрлар ашылуы мүмкін екенін айтты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Sputnik Қазақстан агенттігіне сілтеме жасап.

Бұл туралы Алексей Цой орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифинг барысында мәлім етті.

"Біз кинотеатрлардың қызметін жандандыру бағытында жұмыс жүргізудеміз. Қазіргі уақытта жағдайды бағалап, тиісті мекемелер және "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасымен жұмыс істеудеміз. Театрларға берілген жеңілдіктерге ұқсас нақты ұсыныстар бар", – деді ол.

Cонымен қатар, Алексей Цой брифингте қазақстандық қалалар қандай жағдайда карантинге жабылатынын айтты.

"Егер режимдер толық орындалмаса, қаламасақ та, қалаларды жабуға тура келеді. Шамамен есептесек, желтоқсан мен қаңтар айында. Егер біз қазір қатаң шараларды қолдансақ, халық денсаулығын қорғау үшін әрқайсымыз атсалыссақ, қатаң локдаунды болдырмау мүмкіндігі бар. Бірақ, ол үшін біз қазір елде енгізілген шектеулерді қатаң сақтауымыз керек", - деді министр.

Естеріңізге сала кетейік, Алексей Цой денсаулық сақтау министрлігі әлемдегі эпидемиологиялық жағдайды үнемі талдап отыратынын жеткізген еді.

Осыған байланысты БАҚ өкілдері біздің елімізде ауру жұқтыру жағдайы көбейген кезде қайта төтенше жағдай режимін енгізу мүмкін бе деп сұраған болатын.Министр бұған жауап ретінде барлығы эпиджағдайға байланысты екенін жеткізді.

"Егер эпидемиологиялық жағдай қажет етсе, төтенше жағдай режимі енгізіледі", – деді Алексей Цой.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1879584-kazakstandyk-kinoteatrlar-zmysy-kajta-zandana-ma.html