RU

Қазақстан тағы төрт елмен әуе қатынасын қысқартады

Әуежай
Фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі

Коронавирус індетінің қайтадан таралуына жол бермес үшін Қазақстан төрт елмен әуе рейстерін қысқартуды жоспарлап отыр. Бұл туралы денсаулық сақтау вице-министрі, бас мемлекеттік санитар дәрігер Ерлан Қиясов мәлімдеді деп жазады KAZ.NUR.KZ Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.

"Жақын арада бірнеше бағыт бойынша әуе рейстерін қысқартуды жоспарлап отырмыз. Олар: Украина, Германия, Беларусь және БАӘ", – деді Қиясов онлайн баспасөз мәслихатында.

Бұған дейін үкімет Түркиямен арадағы рейстер саны қысқаратынын хабарлаған еді.

6 қазаннан бастап шетелдіктерге Қазақстанға коронавируспен ауырмайтыны туралы анықтамасыз кіруге тыйым салынды. ПТР-тестің мерзімі 72 сағаттан асып кетпеуі тиіс. Анықтамасы жоқ немесе мерзімі өтіп кеткен шетелдіктер елден депортацияланады.

Ал ПТР-анықтамасы жоқ қазақстандықтар әуежайдан шыға сала бірден карантиндік стационарға орналастырылады. Ол жерде азаматтардан коронавирусқа анализ алынады.

Айта кетейік, көліктегі бас мемлекеттік санитар дәрігер Сәдуақас Байғабылов түнде елге ұшып келген қазақстандықтар ПТР тест тапсыру үшін карантинге жатқызылғанын мәлімдеді.

"Бүгін, 14 қазан күні түнде елге 9 рейс, 1052 жолаушы келді. Олардың ішінде 862 адамда анықтама бар, ал 190 адамда жоқ",- деді Байғабылов.

Нұр-Сұлтанға бес рейс, 533 жолаушы, анықтамамен -415, анықтамасыз -118 адам, ал Алматыға үш рейспен 428 жолаушы, анықтамамен - 366, анықтамасыз 62 адам, ал Ақтау қаласына 1 рейс, 91 жолаушы, анықтамамен - 81, анықтамасыз 10 адам келген. Анықтамасы жоқ 190 әуежолаушы ПТР тест тапсыру үшін қалалардағы карантиндік стационарларға жатқызылды.

"Айта кету керек, 13 қазан күні Антальядан келген бір, Шарм эль-Шейхтан келген үш жолаушыдан екі күндік карантинде алынған тест нәтижесі бойынша коронавирус анықталды. Төрт азамат та COVID-19 инфекциясына ПТР тест анықтамасынсыз келген. Барлық емдік және эпидемияға қарсы шаралар тиісті ережеде өткізіледі",- деді көліктегі бас санитар дәрігер.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1879592-kazakstan-tagy-trt-elmen-ue-katynasyn-kyskartady.html