RU

Тоқаев депутаттар мен судьяларға шетелдік шот ашуға тыйым салу туралы айтты

Тоқаев Шпекбаев
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевты қабылдады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Ақордаға сілтеме жасап.

Қазақстан президентіне Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің биылғы 9 ай ішінде атқарған жұмыстарының негізгі көрсеткіштері жөнінде есеп берілді.

Мемлекет басшысына жемқорлыққа қарсы заңнамаға түзету енгізілгені және Дүниежүзілік банктің жемқорлықты бақылау индексіндегі еліміздің көрсеткіші айтарлықтай жақсарғаны туралы баяндалды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның жемқорлыққа қарсы саясатын халықаралық стандарттарға сәйкес кешенді әрі дәйекті түрде жаңғыртуды жалғастырудың маңызды екенін атап өтіп, жемқорларды шартты түрде мерзімінен бұрын босатудан бас тарту туралы тапсырмалардың сапалы жүзеге асырылу және мемлекеттік қызметшілер, депутаттар мен судьялар үшін шетелдік шоттарының болуына тыйым салу қажеттігіне назар аударды. 

Кездесу соңында президент алдын алу жұмыстарын тиімді жүргізудің және бюджет қаржысының мақсатты жұмсалуына жүйелі бақылау жасаудың маңызды екенін айтты. Бұл пандемия кезінде өте өзекті болып табылады.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғыз Республикасының басшысы Сооронбай Жээнбековтың әрекеттеріне қатысты өз бағасын берген болатын.

Қазақстан президенті Қырғыз еліндегі жағдайдың конституциялық жолға түсу бастағаны қуантарлық жағдай екенін алға тартты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1879624-tokaev-deputattar-men-sudalarga-seteldik-sot-asuga-tyjym-salu-turaly-ajtty.html