RU

ҰҚК Алматыда қылмыстық топ ұсталғанын хабарлады

Орал
Көрнекі фото: NUR.KZ

Алматы қаласында жасырын электрондық казиноналарда заңсыз ойын бизнесін ашқан қылмыстық топ ұсталды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы комитеттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Ресми мәлімет бойынша, жедел-іздестіру кезінде қала аумағында он бірдей мекемеде жасырын онлайн-казиноның ашылғаны анықталды. 

"2020 жылы 6 қазанда жедел-тергеу тобы бір ғана жасырын мекемеден 50 бірліктен астам ойын жабдығын тапты, қылмыстық әрекеттен түскен кірістің сомасы тәулігіне 20 миллион теңгеден асқан", - делінген ведомствоның хабарламасында. 

Белгілі болғандай, қылмыстық топ құмар ойындарын ұйымдастыру және өткізу үшін 50 адамды қызмет көрсету персоналы ретінде жұмысқа тартқан. Қазіргі уақытта осы іс бойынша қылмыстық кодекстің 307-бабының 2-бөлігі "Заңсыз ойын бизнесiн ұйымдастыру" бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Айта кетейік, аталған бапта көрсетілген қылмыс үшін 5 000 АЕК-ке (1 АЕК - 2778 теңге) дейiнгi мөлшерде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 1 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту қарастырылған.

Сонымен қатар, бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін. Сотталғандардың мүлкі тәркіленеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1879648-kk-almatyda-kylmystyk-top-stalganyn-habarlady.html