RU

Ақмола облысында екі полиция қызметкері жол апатынан қайтыс болды (видео)

Жол апатынан екі полицей қаза тапты
Оқиға орны. Фото: Куәгерлер

Бүгін таңертең Щучинск қаласында Lexus көлігі қызметтік Нива көлігімен соқтығысты. Жол апатының салдарынан екі полицей көз жұмған. Ақпаратты Бурабай аудандық әкімдігі мен Ақмола облысы ПД баспасөз қызметі де растады деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Бүгін таңғы 6:32-де полицияға Lexus NX20 көлігі мен инспекторлардың қызметтік көлігі соғысқаны туралы ақпарат түскен. Жол апаты Абылай хан мен Сейфуллин көшелерінің қиылысында болған.

Оқиға орнында полицияда 2005 жылдан бері қызмет етіп жүрген Қанат Отарбаев пен 2009 жылдан бері құқық қорғау органында жұмыс істейтін Қанат Хамидуллин қайтыс болған.

Ақпаратты Бурабай ауданы әкімдігі мен Ақмола облысы ПД баспасөз қызметі растады.

"15 қазанда Lexus NX20 автокөлгінің жүргізушісі Щучинсктегі Абылай хан көшесімен Сейфуллин көшесінің қиылысында Бурабай АПБ жергілікті полиция қызметі бөлімінің Lada-21214 қызметтік автокөлігімен соқтығысуға жол берді.
Қызметтік көліктің жүргізушісі мен жолаушысы алған жарақаттарынан жол-көлік оқиғасы орнында қайтыс болды. Қызметкерлер қызметтік міндетін атқарып жүрген және жол апаты болған сәтте оқиға орнынан қайтып келе жатқан", - деді өңірдің ПД.

Ведомствоның айтуынша, күдікті анықталған. Ол бұған дейін бірнеше рет сотталып, 2022 жылға дейін көлік жүргізу құқығынан айырылған Щучинсктің 25 жастағы тұрғыны болып шықан.

"Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР ҚК 345-бабы "Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы", 4-бөлімі бойынша сотқа дейінгі өндіріс қозғалды. Күдіктіге қатысты "Қамауда ұстау" процедуралық мәжбүрлеу шарасы таңдалды. Тергеу жүргізілуде", - деді полиция.

Ал әлеуметтік желіде оқиға орнына алғашқы кадрлар пайда бола бастады. Сондай-ақ, екі көліктің соғысқан сәті камераға түсіп қалған.

Еске сала кетсек, елордада мас күйде көлік тізгіндеген әйелдің жол апатын жасағанын хабарлаған едік.

Сонымен қатар Алматыда мас күйінде көлік тізгіндеп, полициядан қашқан жүргізушінің қолға түскенін жазған болатынбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1879732-akmola-oblysynda-eki-policia-kyzmetkeri-zol-apatynan-kajtys-boldy-video.html