RU

"Жылдың үздік нокаутына үміткер": Top Rank Әлімханұлының соңғы кездесуін сөз етті

Жәнібек Әлімханұлы1
Фото: instagram.com/janibek_qazaqstyle

Орта салмақтағы қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы (9-0, 5 КО) Лас-Вегастағы The Bubble MGM Grand кешенінде өткен бокс кешінде аргентиналық Гонсало Корианы (16-4, 6 KO) нокаутпен ұтқан болатын. Осыдан кейін шетілдік басылымдар қазақ спортшысының шаршы алаңдағы шапшаңдығын сөз етуде деп хабарлады KAZ.NUR.KZ порталы.

Он раундқа жоспарланған кездесу екінші раундта аяқталды. Отандық боксшы қарсыласына жойқын соққы дарытып, нокаутқа жіберген.

Нәтижесінде қазақстандық боксшы WBC Continental Americas және WBO Global орта салмақтағы титулдарын қорғап қалды.

Осы орайда Top Rank промоутерлік компаниясы YouTube желісіндегі арнасында өткен жекпе-жектің ең жақсы сәттерін бейнелейтін видеоны ұсынып, Әлімханұлының жойқын соққысы жылдың үздік нокаут атағына үміткер бола алатындығын атап өтті.

Айта кетейік, бұл Жәнібек Әлімханұлы үшін проф-рингтегі тоғызыншы жеңіс. Отандасымыз осымен бесінші рет қарсыласын мерзімінен бұрын жеңіп отыр.

Айта кетейік, бұған дейін орта салмақтағы кәсіпқой боксшының жекпе-жегі АҚШ-тың Невада штаты Лас-Вегас қаласындағы The Bubble аренасында өтетінін хабарлаған едік.

Еске сала кетейік, Жәнібек Әлімханұлы соңғы рет өткен жылы қараша айында АҚШ-тың Калифорния штаты Фресно қаласында жекпе-жек өткізген болатын. Ол кезде қарсыласы Альберт Онолуносені (24-3-1, 8 КО) алтыншы раундта нокаутқа жіберген еді.

Кейіннен ол 28 наурызда Канадада ганалық Исса Самирмен жекпе-жек өткізіп, өзінің WBC Continental Americas және WBO Global чемпиондық атақтарын қорғауы тиіс болатын. Алайда, коронавирус пандемиясына байланысты аталған жекпе-жек өтпеді.

Сонымен қатар отандасымыз әйгілі былғары қолғап шеберлерін жеңе алатынын мәлімдеген еді. Олардың арасында Сауль Альварес, Дэниел Джейкобс сынды танымал боксшылар бар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1879738-zyldy-zdik-nokautyna-mitker-top-rank-limhanlyny-sogy-kezdesuin-sz-etti.html