Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тоқаев: Абайдың мерейтойы кезінде ысырапшылдық пен даңғазалыққа​ жол берген жоқпыз

Опубликовано:

Абай ескерткіші
Фото: Берік Уәли/ Facebook

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Ұлы ақын Абай ұлдарымен" ескерткішінің ашылу рәсіміне қатысты. Президент мерейтой кезінде ысырапшылдық пен даңғазалыққа жол берілмегенін айтты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Қасым-Жомарт Тоқаев ұлы ақынның рухына тағзым ету үшін қасиетті топыраққа арнайы келгенін жеткізді. Бұл жайында мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook парақшасында хабарлады.

"Хакім Абайды біртұтас ұлт болып ұлықтау – біздің перзенттік парызымыз. Қала тұрғындарын және бүкіл елімізді Абай мен оның ұрпақтарына арналған жаңа ескерткіштің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – біртуар ғұлама ойшылымызға деген зор құрметтің белгісі", - деді президент.

Мемлекет басшысы биыл Абайдың 175 жылдық мерейтойы мемлекеттік және халықаралық деңгейде аталып өткенін еске салды. Айтуынша, үстіміздегі жылы ақын мұрасы насихатталып, ұлағатты сөзін жас ұрпақтың санасына сіңіруге ден қойылды.

Сонымен қатар, Жидебайдағы "Абай-Шәкәрім" мемориалдық кешені жаңа талапқа сай жаңғыртылды. Ұлы ақынның рухына тағзым етуге келетін жұртшылыққа қолайлы жағдай жасалды.

"Бұл – облыс әкімі Даниал Ахметовтің және бір топ азаматтардың еңбегінің нәтижесі. Біз мерейтой кезінде ысырапшылдық пен даңғазалыққа​ жол берген жоқпыз. Абай айтқан "мақтаншақтық", "бекер мал шашпақты" тыюдың бір жолы осы деп санаймын", - деді Тоқаев.​

Мемлекет басшысы Абай – қазақ елінің мақтанышы ғана емес, әлемдік деңгейдегі кемеңгер екенін айтты.

"Ол – қазақтың жан-дүниесінің тұңғиығына бойлаған дара тұлға. Оның өлеңдері мен қара сөздері – ұлттық болмысымыздың айнасы. Абай жаңа әдебиетіміздің негізін қалаған ақын ретінде ел тарихында айрықша із қалдырды. Оның еңбектері бір ғасырдан астам уақыт өтсе де өзектілігін жоғалтқан емес. Әлі күнге дейін баршамызға рухани азық болып келеді.

Ақынның ғибратты ғұмыры мен мол мұрасы – халқымыздың және жаһан жұртының асыл қазынасы. Абайдың өсиеті – өскелең ұрпақтың айнымас темірқазығы.​ ​

Ұлы ойшыл жастарды білім мен ғылымды игеруге, өнер мен тілді үйренуге, маңдай термен мал табуға шақырды. Ақын айтқан бес асыл іс: "Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым" – ұлт үшін ауадай қажет қасиеттер. Біз дамуды тежейтін бес дұшпаннан арылып, елдік мүдде жолында еңбек етсек қана қоғамдық сананы жаңғыртамыз. Біз Абай аманатына адал болуымыз керек. "Жауапты мемлекет – жауапты қоғам – жауапты адам" жүйесінің берік орнығуы осыған байланысты.​

Ол үшін бүгінгі буын Абай мұрасынан нәр алып, рухани кемелденуі қажет. Абай және оның сөзі мен ісін жалғаған парасатты перзенттері Ақылбай мен Турағұл – елге үлгі болған тұлғалар. Мұнда ұрпақ сабақтастығы, әке мен баланың сыйластығы бейнеленген. Бұл – Құнанбай қажы әулетінің тектілігін танытатын туынды. Абай шаңырағының тағылымы – ұлт ұлағатының көрінісі. Жалпы, тәлім-тәрбие ұлт сапасын қалыптастыратын басты фактордың бірі болуы керек!​ ", - деді президент.

Айта кетейік, бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Семей қаласына келген еді.

Ал өткен аптада президент жұмыс сапарымен Алматы облысына барған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1879790-tokaev-abajdy-merejtojy-kezinde-ysyrapsyldyk-pen-dagazalykka-zol-bergen-zokpyz/

pixel