RU

Қырғызстан президенті міндетін уақытша Қанат Исаев атқаратын болды

Қанат Исаев
Фото: knews.kg

Конституцияға сәйкес, Қырғызстан парламенті спикері Қанат Исаев президент міндетін уақытша атқарады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Қанат Исаевті парламент депутаттары 13 қазан күні Жогорку Кенеш төрағасы етіп сайлады.

24.kg басылымы ақпарынша, елдегі негізгі заңға сәйкес, мемлекет басшысы өз өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатса немесе қайтыс болса, онда оның өкілеттігі мемлекеттегі екінші тұлғаға — биліктің заң шығарушы тармағының спикеріне өтеді.

Айта кетейік, осыған дейін Сооронбай Жээнбеков жаңа премьердің талабы бойынша президенттіктен кетуден бас тартқан еді.

Алайда, бүгін ол отставкаға кету туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді.

"Құрметті отандастар!

Еліміздің астанасы- Бішкектегі қоғамдық- саяси жағдай шиеленісе түсуде.

Кеше Жогорку Кенеш үкімет құрамын бекітті, мен Қырғыз Республикасы президентінің тиісті тағайындаулар туралы жарлықтарына қол қойдым. Бірақ бұл шиеленісті жеңілдеткен жоқ.

Өкінішке қарай, агрессия азаймай тұр, менің тез арада отставкаға кетуім туралы талап жалғасып жатыр.

Бұл жағдай екіжақты шиеленіске жақын.

Бір жағынан — наразылық білдірушілер, екінші жағынан-құқық қорғау органдары. Әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдары мемлекеттік резиденцияны қорғау үшін қару қолдануға міндетті. Бұл жағдайда қан төгілетіні сөзсіз. Мен қос тарапты да арандатушылыққа ермеуге шақырамын.

Құрметті менің отандастарым!

Мен үшін Қырғызстандағы бейбітшілік, ел тұтастығы, халқымыздың бірлігі және қоғамдағы тыныштық бәрінен жоғары. Мен үшін әрбір отандасымның өмірінен қымбат ештеңе жоқ.

Мен билікке таласпаймын. Қырғызстан тарихында қан төккен және өз азаматтарына оқ атқан президент ретінде қалғым келмейді.

Сондықтан, отставкаға кету туралы шешім қабылдадым.

Жапаров пен басқа да саясаткерлерді өз жақтастарын ел астанасынан шығарып, Бішкек тұрғындарына бейбіт өмірді қайтаруға шақырамын.

Ешқандай билік еліміздің бірлігі мен қоғамдық келісім тұтастығына жетпейді. Алла тағала бәрімізді сақтасын, жерімізде бейбітшілік пен тыныштық болсын!", - деді Сооронбай Жээнбеков өз отандастарына.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1879809-kyrgyzstan-prezidenti-mindetin-uakytsa-kanat-isaev-atkaratyn-boldy.html