RU

Солтүстік Қазақстан облысында карантин күшейтіледі

Солтүстік Қазақстан облысында карантин күшейтіледі
Көрнекі фото: NUR.KZ

Солтүстік Қазақстан облысында 16 қазаннан бастап карантиндік шектеулер қатаңдатылып, бірқатар нысанның жұмыс кестесіне өзгеріс енгізіледі деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.

Өңірдің бас санитар дәрігері Серікбай Қасмақасовтың жаңа қаулысы шықты. Оған сәйкес облыста коронавирус жұқтырғандар санының артуына байланысты өңірде карантин талаптары 16 қазаннан бастап күшейтіледі.

Біріншіден, сауда, ойын-сауық орталықтарының, сауда үйлерінің, азық-түлік және азық-түлік емес дүкендердің, моншалар мен сауналардың жұмысы сағат 22.00-ге дейін қысқарады.

Екіншіден, қоғамдық тамақтану орындарында келушілер саны 50-ден 30-ға дейін қысқарып, сағат 22.00-ге дейін ғана жұмыс істейді. Ал мереке және демалыс күндері қоғамдық тамақтану нысандарынан тамақты тек сатып алуға немесе тапсырыспен алғызуға болады.

Үшіншіден, демалыс және мереке күндері уақытша жабылады: жабық киім-кешек базарлары, азық-түлік емес тауарлар сататын жабық базарлар, спорт нысандары, фитнес және тренажерлік залдар, бассейндер, білім беру орталықтары, үйірмелер, туризм нысандары мен сауда, ойын-сауық орталықтары, аумағы 500 шаршы метрден асатын азық-түлік емес тауарлар дүкендері (оларда орналасқан азық-түлік нысандары мен дәріханаларды қоспағанда).

Төртіншіден, штатта 30-дан артық адам болған жағдайда, 50% кем емес қызметкерлер қашықтан жұмыс істеулері тиіс. Сондай-ақ Петропавлда демалыс күндері қоғамдық көліктердің жұмысы тоқтап, саябақтарға, бақтарға, өзен-көлдердің жағасына барып демалуға тыйым салынды.

СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде наурыз айынан бері коронавирус жұқтырудың 4257 жағдайы тіркелген. 24 адам қайтыс болған.

Қазір облыс қауіпті инфекцияны жұқтырудан бірінші орында тұр. Өткен тәулікте СҚО-да жаңадан 14 науқас тіркелген.

Еске салсақ, COVID-19 індетін жұқтыру қаупінің жоғарылауы мен науқастардың санының артуына байланысты елордалық штаб отырысында бірқатар қосымша шектеулер қабылданған болатын. Соған сәйкес, Нұр-Сұлтандағы карантиндік шаралар 14 қазаннан бастап күшіне енетінін жазған болатынбыз.

Айта кеткен жөн, Атырау облысында 12 қазаннан бастап карантин шаралары ұзартылды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1879810-soltstik-kazakstan-oblysynda-karantin-ksejtiledi.html