RU

Қырғызстандағы митинг: "Ақ үй" өртке оранған кезде заң жобалары сақталған база өшіп кеткен

Бішкектегі Ақ үй отқа оранды
Бішкектегі Ақ үй отқа оранды. Скриншот: t.me/sputnik_kyrgyzstan

Қырғызстанда парламент сайлауынан соң жаппай тәртіпсіздік орын алып, ереуілшілер "Ақ үйге" басып кірген кезде бүкіл заң жобаларының базасы сақталған серверді бұзып тастаған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ 24.kg ақпараттық агенттігіне сілтеме жасап.

Заң жобалары сақталған базаның бүлінгенін депутат Дастан Бекешев мәлімдеген.

"Жогорку Кенеш сайтының бір бөлігін қалыпқа келтірдік. Сақтық көшірмесін жасадық. Алайда заң жобаларының базасы өшіп кетті", - дейді ол.

Жогорку Кенештің баспасөз қызметі ақпаратты жартылай растаған.

"Бүкіл заң жобасы сақталған сервер қазір қалыпқа келтіру сатысында тұр. Біздің IT мамандар мен сарапшылар осыған байланысты жұмыс істеп жатыр", - дейді парламенттің баспасөз қызметі.

Еске салсақ, бұған дейін парламент сайлауының нәтижелеріне наразы болған Қырғызстан халқы Ақ үйге басып кіргенін хабарлаған болатынбыз.

Кейінірек, қырғыз парламенті мен президент аппараты жайғасқан Бішкектегі Ақ үйдің төртінші қабаты өртке оранғаны белгілі болды. Қызыл жалын тез арада өзге қабаттарға да жайылып кеткен.

Айта кетейік, бүгін, 15 қазанда Қырғызстан президенті Сооронабай Жээнбеков отставкаға кетті. Ол өз шешімін агрессияның басылмай тұрғанымен, көпшілік өзінің орнын босатуын талап етіп жатқанымен түсіндірді.

Жээнбековтың сөзінше, ол Қырғызстан тарихында өз азаматтарына оқ атып, қан төккен президент ретінде қалғысы келмейді.

Алайда Жээнбековтың отставкасынан кейін ереуілшілер парламенттің таратылуын талап етіп, тағы да көшеге шыққан.

Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/1879815-kyrgyzstandagy-miting-ak-j-rtke-orangan-kezde-za-zobalary-saktalgan-baza-sip-ketken.html