RU

"Қорқытып отыр": Алматы іргесінде ауыз су үшін заңсыз ақша жинағандар жаға ұстатты

Ауыз су 1
Көрнекі фото: pixabay.com

Алматы іргесіндегі ауыл тұрғындары ауыз суға жарымай отыр. Он бес жылдан бері таза судан ауыз тимеген олар мемлекет тапсырмасының дұрыс орындалмай жатқанына наразы. Одан бөлек, жақында су құбырлары жүргізіле бастаған Іргелі ауылдық округінде ауыл белсендісі 150 мың теңгеден ақша жинап алған. Ешқандай түбіртексіз, заңсыз жиналған ақшаның есебін де ешкім бермей отыр. Тұрғындарды сумен қамтудың орнына, мердігер компания өкілдері ашуларына тие бермеуді сұрап, тіпті, су құбырларын қайтадан алып тастаймыз деп қорқытқан. Таза суға зар болған ауыр тұрғындары KAZ.NUR.KZ тілшісіне хабарласып, жанайқайын жеткізді.

Алматы облысы Қарасай ауданына қарасты Іргелі ауылында негізінен шеттен келген ағайындар тұрады.

Олар бірнеше жылдан бері пәтер жалдап, қара жұмысқа салынып, кейін өз еңбектерімен баспана тұрғызуда. "Алтын орда" базарының маңынан қоныс тепкен ауыл тұрғындарының ауыз сусыз отырғанына көп болды. Мемлекет тапсырмасы бойынша су жүргізілмеген соң, қалтасы көтеретін тұрғындар өз қаражаттарына таза су кіргізіп алған. Ал қарапайым халық күн сайын әкімдік есігін күзетіп, судың қашан келетінін сұрап әуре.

"Біздің ауылымызға су мемлекеттік бағдарлама бойынша келіп жатыр екен. Су жүргізу үшін тендерді "ЖК БЕКСУ" мердігерлік компаниясы жеңіп алған. Міне, су келеді дегелі төрт ай болды, әлі ауыз суға жете алмай отырмыз. Мердігерлік компания өкілдерінен судың қашан келетінін сұрасақ, өзімізге тарпа бас салады. Жөнін айтып, түсіндірудің орнына, құбырларды қайта алып кетеміз, сусыз қаласыңдар деп қорқытады.

Судың да сұрауы бар екенін білеміз. Бірақ біз тегін нәрсе сұрап отырғанымыз жоқ. Осы ауылдағы Бақыт деген белсенді келіншек компания жинап жатыр деп, бізден 150 мың теңгеден жинап алды. Су келеді, компания сұрады дегесін бәріміз ойланбастан бердік. Кейбіреулері несие алып берді. Бірақ олар түбіртек те, келісім шарт та берген жоқ. Енді не су ала алмай, не ақшамызды қайтара алмай кезіп жүрміз.

Ал бұл мәселені бақылауында ұстауы тиіс ауыл әкімі Абылай Ысқақовтың өзі бізге ешнәрсе түсіндірмейді. Ауыл тұрғындарының чатында белсенділер бізді қорқытып-үркітумен отыр. Мәселен, ақшаны жинап алған Бақыт Кененбаева журналист шақырып, жағдайды айтамыз десек, аузына келгенді оттайды. Ақыр-соңында бізді қорқытуға көшті", - дейді Іргелі ауылының тұрғыны Мақсат Жақсылықова.

Осы орайда, ауыл тұрғындарынан ақша жинап алған Бақыт Кененбаеваның пікірін білдік. Ол компания атынан ешқандай түбіртексіз ақша жинау жауапкершілігін өз мойнына не үшін алғанын түсіндіре алмады.

"Ауылдың бүкіл проблемасына бастан-аяқ жүгіретін өзім. Ауылдағы жол мәселесі де, қоқыс төгу мәселесі де менің арқамда шешілді. Суға да басынан бастап жүгірген өзіммін. Мен тұрғындардан ақшаны өзімнің бас пайдам үшін алған жоқпын. Компания жинайды дегесін, олардың өзі әкеліп берді. Кейбіреулері толық берген жоқ, жартысын ғана ұсынды. Су 4-5 күнде келеді. Ал қорқытып-үркіту туралы ауыл әңгімесін маған айтпаңыз", - дейді ол.

Іргелі ауылдық округінің әкімі Абылай Ысқақтов та компанияның ауыл тұрғыны Бақыт Кененбаева арқылы ешқандай түбіртексіз ақша жинауының себебін нақты айта алмады.

"Осыған байланысты мердігер "ЖК БЕКСУ" компаниясына ресми түрде хат жолдадым. Олардан хабар күтіп отырмын. Менің түсінуімше, компания құрылыс-монтаждау жұмыстары үшін ақша жинаған. Бірақ мұны ешқандай түбіртексіз, ауыл тұрғыны Бақыт Кененбаева арқылы не үшін жинағаны маған да түсініксіз.

Бір анығы – апта соңына дейін ауылға су кіреді. Сол кезде компания өкілдері барлығына түбіртек беріп, заңды жолмен жұмыс істейтінін айтты. Менің бұл округке әкім болғаныма 5 ай өтті. Ал су ауылда 15 жылдан бері жоқ. Мемлекеттік тапсырма бойынша, Іргеліге су кірзігу төртінші тоқсанға жоспарланған екен. Соған сәйкес, ауызсу биыл беріліп отыр", - дейді Ысқақов.

Дегенмен, ауыл тұрғындары құрылыс-монтаж жұмыстары үшін де тым көп ақша сұралып отырғанына наразы. Егер іс бұлай жалғаса берсе, олар соттасуға дайын екенін айтады.

Еске сала кетейік, осыған дейін Түркістан облысында ауыл тұрғындары суды есекпен тасып жүргенін жазған едік.

Ал жақында Денсаулық сақтау министрліші пандемия кезінде қанша су ішу керек деген сұраққа жауап берді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1879821-korkytyp-otyr-almaty-irgesinde-auyz-su-sin-zasyz-aksa-zinagandar-zaga-statty.html