RU

Канадалық компания жұмыс уақытында серуендейтін қызметкерлеріне ақы төлемек

серуен
Көрнекі фото: pixabay.com

Канаданың қыстық киімдер тігетін Canada Goose компаниясы қызметкерлеріне аптасына бір рет бір сағат таза ауада серуендеп, жаттығу жасауға мүмкіндік беріп отыр. Бұл уақыт жұмыс сағаты ретінде есептеліп, қызметкерлерге ақы төленеді деп жазады KAZ.NUR.KZ Хабар24-ке сілтеме жасап.

Ұйымның маркетинг жөніндегі директоры Пенни Бруктің айтуынша, таза ауада өткізілген уақыт адамның психикалық денсаулығына, қан қысымының қалпына келуіне, күйзелістен арылып, көңіл-күйдің жақсаруына әсер ететіні ғылыми дәлелденген

Бруктің сөзінше, бұл тәжірибе әсіресе пандемия кезінде, яғни адам денсаулығы бірінші орынға шыққанда өте пайдалы.

Ол компания қызметкерінің серуендеуге жұмсаған бір сағат уақыты жұмыс уақыты секілді есептелетінін айтады.

Айта кетейік, бұған мамандар жаңа оқу жылы алдында бала иммунитетін қалай көтеруге болатыны жөнінде кеңестер ұсынған еді. Соның бірі - таза ауада серуендеу.

Бала денсаулығы үшін табиғатта серуендеудің пайдасы зор екен. Себебі үйде, мектепте және басқа да сыныптан тыс жұмыстарды орындау үшін жабық үй-жайда үнемі болу балаға таза ауаны жеткілікті жұтуға мүмкіндік бермейтін көрінеді.

Ал қазақстандық инфекционист-дәрігер Баян Тұрдалина иммунитет жақсы болуы үшін жүгіру, жүру, дене шынықтырумен айналысқан дұрыс екенін, алайда барлығы нормаға сай болу керектігін айтады.

Маманның сөзінше, коронавируспен ауырмаймын деп, дене шынықтырумен қарқынды айналысу яғни ағзаға артық жүк түсіру де дұрыс емес.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1879862-kanadalyk-kompania-zmys-uakytynda-seruendejtin-kyzmetkerlerine-aky-tlemek.html