RU

Садыр Жапаров өзіне президент өкілеттігі берілгенін мәлімдеді

Садыр Жапаров говорит в микрофон
Садыр Жапаров. Фото: Abylai Saralayev/TASS/Getty Images

15 қазан күні өткен митингіде Қырғызстан премьер - министрі Садыр Жапаров жақтастарының алдында президент өкілеттігі өзіне берілгенін мәлімдеді деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Ол парламент спикері Қанат Исаев президент міндетін атқарудан бас тартқанын, ҚР Конституциясына сәйкес, мұндай жағдайда президент өкілеттігі өзіне өтетінін алға тартты. Саясаткер өз жақтастарын "жеңіспен" құттықтады.

"Барлығыңызды жеңіспен құттықтаймын. Бүгін барлығы өз орнына келді. Экс-президент отставкаға кетті, парламент спикері Қанат Исаев оның міндеттерін орындамайтын болды. Енді президент пен премьер-министр өкілеттігі маған берілді. Сенімдеріңізге рахмет!",- деді Жапаров.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков отставкаға кететінін мәлімдеді.

Ол Қырғызстан тарихында қан төккен және өз азаматтарына оқ атқан президент ретінде қалғысы келмейтінін жеткізді. Сондықтан, отставкаға кету туралы шешім қабылдаған.

Ел конституциясына сай енді Қырғызстан президентінің міндетін уақытша парламент спикері Қанат Исаев атқаруы керек болған.

Исаевті парламент депутаттары 13 қазан күні Жогорку Кенеш төрағасы етіп сайлаған еді.

Айта кетейік, Қырғызстандағы жаппай наразылық шеруі 5 қазанда басталды. Оған 4 қазанда өткен елдегі парламент сайлауы себеп болған. Сайлау нәтижесіне көңілі толмаған тұрғындар наразылық шеруіне шықты. Оған он мыңдаған адам қатысқан.

6 қазанға қараған түні демонстранттар ел президентінің аппараты мен парламент депутаттары отыратын "Ақ үй" резиденциясын басып алды.

Кейін халыққа үндеу жасаған Сооронбай Жээнбеков жекелеген саяси күштердің мемлекеттік билікті заңсыз жолмен басып алуға тырысқанын мәлімдеді.

Ал бүгін Қырғызстан министрлер кабинеті жаңа басшысы Садыр Жапаровтың жақтастары Бішкектегі "Иссык-Куль" қонақүйінің маңына жиналды. Наразылық білдірушілер Шыңғыс Айтматов даңғылын жабуға тырысты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1879873-sadyr-zaparov-zine-prezident-kilettigi-berilgenin-mlimdedi.html