RU

"Мен үшін мүмкін емес": Жогорку Кенеш спикері президент өкілеттігінен неге бас тартты

Қанат Исаев
Фото: Sputnik Қырғызстан

Қырғызстан парламенті спикері Қанатбек Исаев Сооронбай Жээнбеков отставкаға кететінін мәлімдеген соң президент өкілеттігінен неге бас тартқанын түсіндірді деп жазады KAZ.NUR.KZ.

"Қалыптасқан қоғамдық-саяси жағдайды және елдегі ахуалды тұрақтандыру бойынша мемлекеттік биліктің заң шығарушы органы алдында тұрған маңызды міндеттерді ескере отырып, мен өзімнің күш-жігерімді тікелей Жогорку Кенештегі жұмысқа арнауды дұрыс деп шештім. Сондай-ақ, парламент алтыншы шақырылымының жұмыс мерзімі аяқталуына байланысты президент өкілеттігін орындау мен үшін мүмкін емес деп санаймын",- деп келтіреді Исаевтың сөзін АКИpress басылымы.

Айта кетейік, Сооронбай Жээнбеков Қырғызстан тарихында қан төккен және өз азаматтарына оқ атқан президент ретінде қалғысы келмейтінін алға тартты. Жээнбеков сол себепті де отставкаға кету туралы шешім қабылдады.

Ел конституциясына сай енді Қырғызстан президентінің міндетін уақытша парламент спикері Қанатбек Исаев атқаруы тиіс еді.

Исаевты парламент депутаттары 13 қазан күні Жогорку Кенеш төрағасы етіп сайлаған болатын.

Алайда, 15 қазан күні өткен митингіде Қырғызстан премьер - министрі Садыр Жапаров жақтастарының алдында президент өкілеттігі өзіне берілгенін мәлімдеді. Ол парламент спикері Қанатбек Исаев президент міндетін атқарудан бас тартқанын, ҚР Конституциясына сәйкес, мұндай жағдайда президент өкілеттігі өзіне өтетінін алға тартты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1879881-men-sin-mmkin-emes-zogorku-kenes-spikeri-prezident-kilettiginen-nege-bas-tartty.html