RU

Маңғыстау облысында басқарма басшысының туған күніне қатысқандар жазаланды

Маңғыстау облысында басқарма басшысының туған күніне қатысқандар жазаланды
Көрнекі фото: piqsels.com

Маңғыстау облысында карантин талаптарын бұзып, Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының туған күніне қатысқан мемлекеттік қызметшілер жазаланды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің өңір бойынша департаментінің ақпаратына сәйкес, Маңғыстау облысында Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысында 14 қыркүйекте туған күнін тойлаған облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Марина Әлбекова мен осы шараға қатысқан басқа да лауазымды тұлғалардың әрекеті қаралған.

"Шараға қатысқан қызметшілердің түсіндіруінше, олар Маңғыстау ауданында орналасқан "Айрақты" тауына саяхатқа шығып, спорттық ойындар өткізген. Сол жерден түскі ас ішіп, қызметшілерге өздерімен алып келген шағын сыйлықтарын таратқан.
Бұл шараның мақсаты "қызметшілер арасында корпоративтік мәдениетті қалыптастыру" деп көрсеткен. Алайда, кеңес мүшелері бұл түсіндірмелерді "жазадан құтылуға әрекет" деп қабылдады", – делінген хабарламада.

Марина Әлбекованың өзі Әкімшілік кодекстің 425-бабы 1-бөлігімен әкімшілік жазаға тартылған. Сондай-ақ Маңғыстау облысы әкімінің 14 қыркүйектегі өкімімен оған "сөгіс" түрінде тәртіптік жаза қолданылған.

Ал шараға қатысқан Маңғыстау облысының Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасарына, Маңғыстау ауданы әкімінің орынбасарына, Маңғыстау ауданының құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысына, Маңғыстау және Мұнайлы аудандық экономика және жоспарлау бөлімінің басшыларына "қатаң сөгіс" түріндегі тәртіптік жаза қолдану ұсынылған.

Айта кетейік, бұған дейін Ақтөбеде полиция өкілдері шектеу шараларын бұзып, жұмыс істеп тұрған мейрамхананы анықтағанын хабарлаған едік.

Сонымен қатар Қарағандыда бақылау тобы карантин уақытында той ұйымдастырғандарды анықтаған болатын. Тыйымға қарамастан, жанұялық салтанатты кешке жүзге жуық адам жиналған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1879911-magystau-oblysynda-baskarma-bassysyny-tugan-knine-katyskandar-zazalandy.html