RU

Тойда полицейдің формасын киген асаба жиналған елдің зәресін ұшырды (видео)

Полицей киімін киген асаба
Видеодан кадр: instagram.com/eto_karaganda_detka

Тойда қонақтардың көңілін полицейдің киімін киіп көтерген шоуменнің видеосы желіде тарап кетті. Қарағанды облысының полиция дептарментінің ақпартынша, видео Жаңаарқа ауданында түсірілген деп жазады KAZ.NUR.KZ

Желідегі кадрларға қарағанда, адам толы киіз үйдің ішіне полицей формасын киген ер адам кіріп, жүргізушіден микрофонды алған.

"Ассалаумағалейкүм, қадірлі ағайындар! Кешірім сұраймын, менде қазақпын, той екенін білемін. Бірақ бұл заң бұзушылық. Қазір індет, елде не болып жатқанын барлығымыз білеміз, көріп отырсыздар. Той иелері қайда? Келіңіздер.
Қараңыздаршы мына жақта қаншама адам отыр. 12-ден астам адам отыр, бәрі бір-біріне жақын. Мына жақта 20 адам, мына жақта 30 шақты адам. Неге бұлардың бәрі көңілсіз отыр? Неге бір қол соғып отырмайсыздар, той емес пе?", - дейді ер адам.

Осыдан кейін, оның тәртіп сақшысы емес, шын мәнісінде шоумен екенін түсінген тойшыл қауым ду күлген.

Қарағанды облысы полиция департаменті желіде таралған видеоны зерттеп, форма киген ер адамның полицей емес екенін анықтаған.

"Полицей формасын киген адам асаба. Әрине, біз пародиялар мен сындарлы сынға әрқашан оң көзқараспен қараймыз. Бірақ бұл жағдайда адам полиция мен медициналық дәрігерлердің қауіпті аурудың таралуына жол бермеудегі барлық күш-жігерін мазақ етті. Ол жаппай іс-шараға қатысып, карантин режимінің бұзылуына үлес қосты", - дейді Қарағанды облысы ПД баспасөз хатшысы Жанатай Сембеков.

Сондай-ақ, ол отбасылық жиындарды өткізуге тыйым салынғанын, шараны кейінге қалдырған жөн екенін облыс тұрғындарының есіне салды.

"Полиция қызметкерлері арнайы форманы заңсыз кигені үшін асабаны әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесін қарастыруда", - деді Сембеков.

Өңірдегі Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаевтың сөзінше, жаппай іс-шараның қатысушылары да әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Олардың кім екендері анықталған. Сондай-ақ, полицейлер асаба мен музыканттарды да іздеп жатыр.

Айта кетейік, бұған дейін Ақтөбеде полиция өкілдері шектеу шараларын бұзып, жұмыс істеп тұрған мейрамхананы анықтағанын хабарлаған едік.

Сонымен қатар Таразда карантинге қарамастан жасырын той жасайтындар тыйылмай тұрғанын жазған болатынбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1879967-tojda-policejdi-formasyn-kigen-asaba-zinalgan-eldi-zresin-syrdy-video.html