RU

Еліміздің дәрігерлеріне кем дегенде 550 мың теңге жалақы төленетіні рас па

Ақша
Көрнекі фото: Sputnik / Абзал Калиев

Бүгін ОКҚ өткен онлайн-брифингте қазақстандық дәрігерлердің жалақысы жария етілді. Қазіргі таңда ақ халаттылар 250 мың теңгеден аса айлық алса, 2025 жылға қарай жалақы 550 мың теңгеге болуы керек деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Денсаулық сақтау министрлігі Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығының бас директоры Қанат Төсекбаевтың айтуынша, Қазақстанда медицина қызметкерлерінің орташа жалақысы 258 708 теңгені құрайды.

"Мемлекет басшысы 2023 жылға қарай дәрігердің орташа жалақысының экономикадағы орташа жалақыға қатынасын 2,5 есеге жеткізу міндетін қойды. (…) Денсаулық сақтауды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, (…) 2025 жылы Қазақстан Республикасында дәрігердің бір ставкаға орташа жалақысы кем дегенде 550 000 теңгені құрайды", - деді Төсекбаев.

Журналистердің сауалына жауаg берген Төсекбаев медициналық кадрлардың жетіспеушілігі дәрігерлердің пандемия салдарынан өз өмірлері үшін қорқуымен де байланысты екенін растады.

"Өкінішке орай, мұндай жағдайлар болады. Мен жедел жәрдем мен балалар инфекциялық ауруханасының бұрынғы қызметкерімін. Қызметкерлер функционалдық міндеттерін орындау кезінде тұрғындар тарапынан түсінбеушілікке тап болатын кездер болады.
Сондай-ақ, Алматыда жедел жәрдем жүргізушісінің соққыға жығылған жағдайы есімізде. Бүгінгі күні коронавирус жағдайы дәрігерлерге деген қарым-қатынасты өзгертті", - деді ол.

Еске сала кетсек, Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков ай сайын 387 мың теңге жалақы алатынын айтты.

Ал Қостанай қаласының әкімі Қайрат Ахметов айына 484 мың теңге алады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1880010-elimizdi-drigerlerine-kem-degende-550-my-tege-zalaky-tlenetini-ras-pa.html