RU

Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Қорғаныс министрін қабылдады

Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Қорғаныс министрін қабылдады
Сергей Шойгу және Қасым-Жомарт Тоқаев. Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға ресми сапармен келген Ресей Федерациясының Қорғаныс министрі Сергей Шойгуді қабылдады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

Кездесу барысында Қазақстан мен Ресейдің әскери және әскери-техникалық ынтымақтастығын нығайту мәселелері талқыланды.

"Әскери-техникалық сала, әскери бағыт Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарда маңызды орын алады", – деді президент.

Мемлекет басшысы екі ел арасындағы қол қойылған Әскери ынтымақтастық туралы шартты құптады және оның Ресей Қорғаныс министрінің Қазақстанға жасаған сапарының маңызды нәтижелерінің бірі екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Сергей Шойгуді Жеңістің 75 жылдығына арналған парадтың жоғары деңгейде ұйымдастырылып, табысты өткізілгенімен құттықтады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Қорғаныс министрін қабылдады
Марапаттау сәті. Фото: Ақорда

Ресей Қорғаныс министрі кездесуге және қазіргі заманның өзекті мәселелерін талқылауға мүмкіндік жасағаны үшін Қазақстан президентіне алғыс айтты.

"Әскери және әскери-техникалық ынтымақтастықтың дәстүрлі стратегиялық және одақтастық сипаты бар. Бүгінгі қол қойған келісімнің аса маңызды екені сөзсіз. Бұл барлық әскери ынтымақтастық туралы келісімдердің ішіндегі ең ауқымдысы әрі мазмұндысы", – деді Сергей Шойгу.

Ресейдің Қорғаныс министрі Қазақстан әскерилерінің Қызыл алаңда өткен Жеңістің мерейтойлық парадына жоғары деңгейде қатысқаны үшін Мемлекет басшысына алғысын білдірді. Оның айтуынша, бұл екі ел арасындағы қатынастардың жоғары деңгейде екенін көрсетті. Сонымен қатар ол Қазақстан Қарулы Күштері сарбаздарының Халықаралық әскери ойындарға белсенді қатысқанын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Қорғаныс министрін қабылдады
І дәрежелі "Достық" ордені. Фото: Ақорда

Кездесу соңында Қазақстан Президенті әскери және әскери-техникалық ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін Сергей Шойгуді І дәрежелі "Достық" орденімен марапаттады.

Еске салсақ, Қазақстан мен Ресей қорғаныс ведомство басшыларының кездесуінде қорғаныс ауқымындағы стратегиялық серіктестік пен ынтымақтастықты бұдан әрі дамыту даярлығы бекітілді.

Айта кеткен жөн, ресми сапар шеңберінде Ресей Федерациясының қорғаныс министрі Сергей Шойгу Қазақстан Республикасы қорғаныс ведомствосының басшысы Нұрлан Ермекбаевқа 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына қатысқан қазақстандықтарға қатысты мұрағат материалдарын тапсырды.

Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/1880078-kasym-zomart-tokaev-resej-korganys-ministrin-kabyldady.html