RU

Батыс Қазақстанда карантиндік шектеу шаралары күшейтіледі

Батыс Қазақстанда карантиндік шектеу шаралары күшейтіледі
Көрнекі фото: NUR.KZ

Батыс Қазақстан облысында шектеу шаралары күшейтілмек деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Батыс Қазақстан облысы мемлекеттік бас санитар дәрігерінің 17 қазаннан бастап күшіне енетін қаулысына сәйкес мемлекеттік шекарадағы өткізу бекеттерінде санитарлық талаптар қатаңдатылды.

Қаулыға сәйкес транзиттік жүк тасымалдайтын халықаралық автокөліктер облыс аумағы арқылы тоқтаусыз өтеді.

Қазақстанның үкіметтік делегацияларын, Сыртқы істер министрлігінің шақыруы бойынша келетін шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың ресми делегациялары мүшелерін, елімізде аккредиттелген дипломатиялық өкілдіктердің, консулдық мекемелердің және халықаралық ұйымдар өкілдіктерінің қызметкерлерін және олардың отбасы мүшелерін, сондай-ақ транзиттік жүк көліктерін қоспағанда, шекараны кесіп өткен кезде кем дегенде 72 сағат бұрын ПТР әдісімен алынған анықтамасы жоқ адамдар COVID-19-ға зертханалық тексеруден өту үшін карантиндік стационарларға баруға міндетті.

Стационарлар мына мекенжайларда орналасқан: Бөрлі ауданы, Caspian Offshore Construction Realty, Тасқала ауданы Тасқала кенті, Рысқұлбеков көшесі 4А, "Жас туристер станциясы" КММ-ның "Шұғыла" сауықтыру лагері, Жәнібек ауданы Жәнібек ауылы, Жеңіс көшесі, 17А, Жәнібек аудандық ауруханасы, Орал қаласы, "Ивушка" санаторийі көшесі, 1 құрылыс, облыстық туберкулезге қарсы диспансер.

Сондай-ақ көпшілік іс-шаралармен қатар барлық ойын-сауық нысандарының, кинотеатрлардың, фудкорттардың, банкет залдарының, ойын алаңдарының (аулалардағыны қоспағанда), түнгі клубтардың, барлардың, караоке, компьютерлік және ойын клубтарының, кальяндық, букмекер кеңселерінің, кейтерингтік және мерекелерді ұйымдастыру бойынша қызметтер көрсетудің, меншік нысанына қарамастан, мектепке дейінгі балалар мекемелерінің (кезекші топтарды қоспағанда) қызметіне тыйым салынды.

Мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарының қызметкерлерінің кемінде 50 пайызы қашықтан жұмыс істеуге көшеді. Басқа да мекемелерге қатысты шектеу шаралары енгізілді.

Демалыс және мереке күндері жабық азық-түлік емес және азық-түлік базарлары жабылады.

Қоғамдық автокөлік шектеулі режим шеңберінде жұмыс күндері: сағат 07.00-ден 23.00-ге дейін, сенбі, жексенбіде: сағат 07.00-ден 21.00-ге дейін, біркелкі қозғалыс кестесімен қатынайды. Қарбалас сағаттарда қоғамдық көліктер барынша көп шығуы тиіс.

Соңғы аялдамаларда қоғамдық автокөліктерге күнделікті дезинфекция жүргізіледі.

Қоғамдық көлікке жолаушылар отырғызу орындарына сәйкес мінеді. Қоғамдық көлік антисептикалық құралдармен қамтамасыз етілуі тиіс, қоғамдық көлікке тек жеке қорғаныш құралдарымен (медициналық бетперделермен, қолғаптармен) кіруге рұқсат етіледі.

Жеңіл көлікте (такси) отыратындар үш адамнан артық болмауы керек. Олар да жеке қорғаныш құралдарымен (медициналық бетперделермен, қолғаптармен) және антисептиктермен қамтамасыз етілуі тиіс.

Еске салсақ, Павлодар облысында карантиндік шектеулер қайтадан күшейтілетіні туралы жазған едік.

Оған қоса, 16 қазаннан бастап Ақмола облысында, 17 қазаннан бастап Шығыс Қазақстан облысында карантин талабы қатаңдатылады.

Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/1880084-batys-kazakstanda-karantindik-sekteu-saralary-ksejtiledi.html