Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Әр жұмада 50 келі етті тегін тарататын ақтаулық келіншек елді сүйсінтті (фото)

Опубликовано:

Алсұлу
Фото: Алсұлудың жеке мұрағатынан

Ақтаулық Алсұлу Утешқалиева қайырымдылық шараларын жиі ұйымдастырып, мұқтаж жандарға қол ұшын бергенді жөн санайды. Бірнеше жылдан бері ет сатумен айналысатын келіншекті қала тұрғындары да жақсы таниды. Ақтаудағы "Қайырымды жандар" еріктілер тобының белсенді мүшесі болған ол енді тағы бір сауапты істі қолға алды. Алсұлу әрбір жұма сайын әлеуметтік жағдайы төмен және мүмкіндігі шектеулі жандарға тегін ет таратуды қолға алды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Алсұлу жұма күні "Бір асым ет" акциясын өткізіп, әлеуметтік желі арқылы Ақтаудағы мұқтаж жандарды тегін ет алып кетуге шақырады.

"Менің ет сатумен айналысқаныма алты жыл болды. Анам базарда, мен қала ішіндегі дүкенде тұрамын. Түрлі мал еттерінен бөлек, біз жартылай фабрикаттарды да өзіміз дайындап, сатамыз. Бұл ісім өзіме ұнайды. Ал қайырымдылық жасағанды жаным сүйеді. Бұрын біздің "Рабия" ет дүкенінде "Мейірім полкасы" болатын. Дүкенге келетін мұқтаж адам сол жерден өзіне қажетті азық-түлікті алып кететін. Енді ойлана келе, жағдайы төмен және денсаулығында ақау бар адамдарға ет таратсам деген шешім қабылдадым", - дейді Алсұлу.
Алсұлу
Фото: Алсұлудың жеке мұрағатынан

"Бір асым ет" акциясы әрбір жұма сайын өткізіліп тұрады. Бұл күні Алсұлу шамамен 50 келі етті мұқтаж жандарға таратып береді.

Алсұлу
Фото: Алсұлудың жеке мұрағатынан

"Бір апта бойы қайырымдылыққа кететін еттерді өзім іріктеп отырамын. Оның ішінде сүрленген еттер де бар. Бір пакетте шамамен 3-4 келі ет болады. Тағы бір айта кетерлігі, етті тек шынымен де мұқтаж адамдарға беремін. Алдымен өзімнің айналамдағы, таныстарым мен туыстарымның арасындағы жағдайы төмен жандарға ет алып кетуін өтінемін.

Кейін телефонымдағы түрлі қайырымдылық чаттарына жазба жіберемін. Әлеуметтік желі арқылы да жарнама жасап, тегін ет алып кетуді ұсынамын. Өзім қаладағы мұқтаж адамдарды бірден танимын десем, артық емес. Өйткені, талай рет олармен кездескенмін. Арбада отыратын қаншама таныстарым бар. Соларға хабарлап айтамын. Бұл істен менің жаным ләззат алады", - дейді ол.

Алсұлу
Фото: Алсұлудың жеке мұрағатынан

Алсұлу жағдайы жақсы, тұрмысы жоғары адамдардың да тегін еттен дәмелі екенін жасырмайды.

"Әрине, мен оларды бірден біліп қоямын. Тұрмысы жақсы бола тұра, тегін ет алғысы келетіндер де бар. Бірақ менің мақсатым – етті тек қана шын мұқтаж адамдарға беру. Қазір қылышын сүйретіп қыс келе жатыр. Әрбір үйде қазан қайнап, ет асылып жатқаны қандай жақсы?! Сондықтан, халықты шамасы келгенше қайырымдылық жасап, садақа беруге шақырамын", - дейді Алсұлу.

Еске салсақ, бұған дейін біз Елорда маңында төрт жыл бойы вагонда тұрған жанұя үйлі болғанын жазған едік.

Одан бөлек, Павлодар облысы Шарбақты ауданы Есілбай ауылының белсенді жастары жергілікті зейнеткерге екі бөлмелі үй салып бергенін жазған болатынбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1880106-r-zmada-50-keli-etti-tegin-taratatyn-aktaulyk-kelinsek-eldi-sjsintti/

pixel