RU

Ұлттық киноны қолдау орталығының басшысы не себепті жұмыстан қуылмады

Ақтоты Райымқұлова
Ақтоты Райымқұлова. Фото: facebook.com/mcs.govrk

Мәдениет және спорт министрі ОКҚ-да өткен онлайн-брифингте басшылығы сыбайлас жемқорлық бойынша күдікке ілінген Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының айналасындағы жағдайға түсініктеме берді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

БАҚ өкілдері Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының басшысы Гүлнәр Сәрсенованың сыбайлас жемқорлыққа күдікті екенін еске салды.

"Бұл тергеу ведомствоға қалай әсер етеді? Неліктен осы орталық бойынша кадрлық шешімдер қабылданған жоқ, оның басшысы Сәрсенова неліктен өз қызметінде қалды?" – деп сұрады журналистер.

Ақтоты Райымқұлова сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтен заң бұзушылықтар туралы хабарлама келгенін растады.

Қазіргі уақытта, оның айтуынша, Ұлттық кинематографияны қолдау орталығының жетекшісі Гүлнәр Сәрсеноваға қатысты тергеу жүріп жатыр.

"Бүгінгі күні тергеу шаралары жалғасуда, сот процесі болған жоқ. Заңға сәйкес, адам тергеуде болған кезде, егер ол өз еркімен өтініш бермесе, оны қызметінен алып тастау немесе басқа да әкімшілік шаралар тағайындау мүмкін емес.

Қазіргі уақытта ол осы қызметті атқарады, біз сот шешімін күтеміз. Кез келген жағдайда сот шешімі шыққанға дейін адам өзінің құқығын пайдаланады және кінәсіздік презумпциясы бар екенін білесіздер", – деді мәдениет министрі.

Оның айтуынша, сот отырысы өткізілгеннен кейін, егер қызмет орны босатылса, бос орынға конкурстық іс-шаралар өткізіледі.

"Менің ойымша, бізде осы салада жұмыс істей алатын лайықты адамдар бар. Осы ұйымның директорлары жаңа мамандарды шақырады. Шын мәнінде, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы біздің ведомство жанындағы ұйым болып табылады, және кез келген бағынышты ұйымның жұмысын бақылап отырамыз. Егер сот қазіргі директордың (Сәрсенова - ред.) әрекеттерін заңсыз деп тапса, әрине, әкімшілік сипаттағы белгілі бір қорытындылар жасалады", – деп түйіндеді Райымқұлова.

Еске салсақ, мәжіліс депутаттары әртістердің тәртібін қамтамасыз ететін заң жобасын қабылдады. Оған сәйкес, өнер иелеріне енді сахнаға мас күйде шығып, бейәдеп сөйлеуге тыйым салынбақ.

Оған қоса, мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова "Борат-2" фильмінің шығуына байланысты пікір білдірді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1880323-lttyk-kinony-koldau-ortalygyny-bassysy-ne-sebepti-zmystan-kuylmady.html