RU

"Ұрының артын жауып отыр": Малы ұрланған шаруа Аралдағы полицейге араша түсті

Нұрболат Әлнашов қызметінде
Фото: жеке мұрағат

Қылмысты аша тұрып, жазықсыз жұмысынан айырылған аралдық полицейге малы ұрланған шаруа қожалығының иесі араша түсті. Бес бас ірі қарадан айырылған Шалқар ауданының тұрғыны KAZ.NUR.KZ порталына хабарласып, болған оқиғаның мән-жайын айтты.

Ақтөбе облысы Шалқар ауданында орналасқан шаруа қожалығының иесі Бектияр 2019 жылы желтоқсан айында бес бас сиырын ұрлатып алған. Қылмыс Ақтөбе обылысында орын алып, ұрланған мал көршілес Қызылорда облысы Арал қаласынан табылды. Барымташылардың жеке басы анықталса да, әлі күнге жауапқа тартылмай келеді. Шаруаның шамына тиген нәрсе ұрланған бес сиыры емес, сол қылмысты ашуға ат салысқан полицейлердің жұмыстан қуылғаны.

Естеріңізде болса, біз бұған дейін осы қылмысты аша тұрып, жазықсыз жұмыстан қуылған аралдық полицей Нұрболат Әлнашов туралы жазған болатынбыз. Ол 2020 жылдың 14 қыркүйегінде Қылмыстық кодекстің 146-бабы 2-бөлімі және 1-тармақшасына сәйкес Қызылорда облыстық Арнайы прокурорлар басқармасы қозғаған іс бойынша күдікті деп танылып, қызметінен кеткен еді.

«Малымды таныдым, аралдық полицейлер ұрлықты ашты, ұрыларды ұстады. Енді міне 10 ай болды, іс бойынша әлі ешкім жауапқа тартылмай келеді. Істі қайда жіберді? Менің ұрланған малым былай тұрсын, ұрылар ұсталып тұрып құтылып кетті. Қылмысты ашып берген жігіттердің өзін айыпты қылып, үстілерінен іс қозғап, жұмыстан шығарып отыр. Мен бірнеше рет Аралға барып қайттым. Іс дұрыс жүрмеген. Басып тастаған ғой. Мен олардан күдіктенгеннен кейін: «Істі Шалқар ауданына, қылмыс болған жерге беріңдер», - дедім. Содан әлі не хат жоқ, не хабар жоқ», - дейді Бектияр.

Малы ұрланған шаруаның айтуынша, сиырларды атақты ұрылар барымталаған.

«Істеп жатқан ұрылар - атақты ұрылар. Сытылып кету үшін осындай әрекетке барып отыр. Қылмысты ашып берен жігіттердің өзін айыпты қылып жұмыстан шығарып, істі одан әрі созып жатыр. Сонда кімге сенуге болады? Онда біз малымыз ұрланса, ешкімге шағым түсірмей-ақ қояйық. Жылына 5-10 бас беретінімізді беріп отырайық. Айтарым жоқ», - дейді ашынған шаруа қожалығының иесі.

Бектиярдың айтуынша, күдікті Тұрлыбек Айтжанов есімді жігіт «мені ұрды-соқты деп, ауруханаға жатып шыққан.

«Естуімше қылмыстық іс бойынша ұсталған күдікті Тұрлыбек Айтжанов деген жігітті прокуратураның адамдары қорғаштап отыр. Олар ұрымен сыбайлас болмаса неге қорғаштайды?», - дейді ол.

Осы іс бойынша KAZ.NUR.KZ тілшісіне Қызылорда облыстық прокуратурасының баспасөз хатшысы Ғабит Ұзақбай мардымды жауап айтпады. Тек істің сотта жатқанынан хабардар етті.

Еске сала кетейік, Қызылорда облысы Арал аудандық полиция бөлімінің бұрынғы қызметкері Нұрболат Әлнашов редакцияға хабарласып, ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтан араша сұраған еді. Ол мал ұрлығын аша тұра, қылмысты жасыруға қатысы бар басшылардың кесірінен жазықсыз жұмысынан қуылып жатқанын айтқан болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1880359-obal-boldy-maly-rlangan-salkarlyk-sarua-araldagy-policejge-arasa-tsti.html