RU

Министр Райымқұлова қай спортшылар шетелге шыға алатынын айтты

Ақтоты Райымқұлова
Ақтоты Райымқұлова. Фото: www.facebook.com/mcs.govrk

Ведомствоаралық комиссия бірқатар спортшыға жеңілдік жасап, шетелге шығуға рұқсат берді. Бұл туралы мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова айтты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Sputnik Қазақстан агенттігіне сілтеме жасап.

Бұған дейін ведомствоаралық комиссия әлемде эпидемиологиялық жағдайдың нашарлануына байланысты спортшыларға шетелге шығуға тыйым салған болатын. Министр Ақтоты Райымқұлованың айтуынша, комиссия бірқатар спортшыларға жеңілдік жасап, Қазақстаннан тыс жерге шығуға рұқсат берді. 

"Бүгінде ВТБ-ның бірыңғай лигасы ұйымдастырып жатқан чемпионатқа қатысу үшін "Астана" баскетбол клубында Қазақстаннан шығуға және қайта кіруге рұқсат бар. Лигада санитарлық-эпидемиологиялық шаралар қолға алынды. Оған қоса, чемпионат ойындарына қатыспағаны үшін айыппұл санкциялары, тіпті осы чемпионат құрамынан шығару шарасы да бар. Осыны ескере отырып, командаға рұқсат беріліп отыр", - деді Райымқұлова орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте. 

Ал УЕФА ойындарына Қазақстанның үш құрамасы қатысып жүр. Олар – ұлттық құрама, 21 жасқа дейінгі жастар құрамасы және әйелдер командасы. Ұйым талабына сәйкес, Қазақстанның футболшылары бірнеше жолдастық ойын өткізуі керек. Осыған орай, әрбір құраманың кестесі әзірленді.  

"Ведомствоаралық комиссияның хаттамасына сәйкес, қыркүйек пен желтоқсан аралығында ұлттық, жастар және әйелдер құрамасына УЕФА Ұлттар лигасына, сондай-ақ, Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңдеріне қатысу үшін шетелге шығуға рұқсат берілді", - деп атап көрсетті Райымқұлова. 

Бұдан бөлек, қазан айында астаналық "Барыс" хоккей клубы өз алаңында үш матч өткізсе, сыртта бір матч ойнайды. Оған да ведомствоаралық комиссияның рұқсаты бар.

Спортшылар шетелге шыққанда ПТР-тест тапсырады. Ал келгенде тағы бір сынама алынады. Барлық жарыс көрерменсіз өтеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1880397-ministr-rajymklova-kaj-sportsylar-setelge-syga-alatynyn-ajtty.html