RU

Ақтөбеде ерлікпен қаза тапқан полицейдің отбасы уәде етілген пәтерді 8 жыл бойы күтуде

Полицей1
Көрнекі фото: NUR.KZ / Петр Карандашов

Ақтөбеде ерлікпен қаза тапқан полиция қызметкерінің жесірі мен ұлы 8 жылдан бері өтемақы ретінде уәде етілген пәтерді ала алмай жүр деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Қайғылы оқиға 2012 жылы болған. Полиция қызметкері Темірбек Жақсылықбаев түнгі кезекшілік кезінде такси жүргізушісіне шабуыл жасаған қылмыскерлерді ұстауға тырысады, сол сәтте қылмыскерлер тәртіп сақшысына оқ жаудырған. Қызметте көрсеткен батылдығы үшін тәртіп сақшысы қаза тапқаннан кейін 3-дәрежелі Айбын орденімен марапатталады.

Жергілікті билік қайтыс болған полицейдің жесірі мен ұлына пәтер тарту етуге уәде береді. Бірақ 8 жылдан бері бұл уәде орындалмай, отбасы сол күйі баспаналы болмаған. "Астана" телеарнасының тілшісі полицейдің жесірімен кездесті.

Ерлікпен қаза тапқан полиция қызметкерінің әйелі Гульфия да полицияда жұмыс істейді. Қазір ол және оның ұлы қызметтік пәтерде тұрады. Әйелдің сөзіне қарағанда, күйеуі қайтыс болғаннан кейін, жергілікті әкімдік отбасына баспана мәселесінде көмектесуге уәде берген, бірақ жылдар бойы ешқандай өзгеріс болмаған.

Журналистер Ақтөбе облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасынан түсініктеме сұрады. Департамент Гульфияның мемлекеттік қызметкер ретінде баспана кезегінде тұрғанын айтты.

Сонымен қатар, жұбайы қайтыс болғаннан кейін отбасы әлеуметтік осал отбасылар санатына қосылғанын, бірақ бұл пәтер алу жылдамдығына әсер етпейтінін алға тартты.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін біз ШҚО-дағы полиция бөлімінде ұрлық жасап ұсталған ер адам қайтыс болғанын жазған едік.

Одан бөлек, Жамбыл облысы, Тасөткел ауылының маңында Көліктегі полиция департаменті Өзіндік қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері Шу станциясында есірткі сатумен айналысқан полиция қызметкерлерін ұстау бойынша арнайы операция өткізген болатын. Нәтижесінде бір адам қаза тауып, тағы екеуі жарақат алды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1880418-aktbede-erlikpen-kaza-tapkan-policejdi-otbasy-ude-etilgen-pterdi-8-zyl-bojy-ktude.html