RU

"Әкеңнің қалтасына есірткі саламыз деді": Атырауда адам өліміне күдікті санитар өз шындығын айтты

Кісен
Көрнекі фото: perm.aif.ru

Атыраудағы наркодиспансер санитары Дәурен Жоламанов 17 мамыр күні облыстық психикалық денсаулық орталығына мас күйде жеткізілген гастарбайтер өліміне күдікті ретінде танылған. Алайда, 24 жастағы жігіт сол күні Өзбекстан азаматын полицейлер қайта алып кеткенін айтып отыр. Ал екі күннен соң оның мәйіті табылған екен. Күдіктінің анасы Нұргүл Магулова бұл істе бір шикілік бар екенін айтады деп жазады KAZ.NUR.KZ "Ақ Жайық" басылымына сілтеме жасап.

Мамырдың 17-сіне қараған түні Атырау облыстық психикалық денсаулық орталығына (бұрынғы наркодиспансер) полиция қызметкерлері мас күйде болған Өзбекстан азаматын жеткізеді. Наркологтар науқасты сауықтырғаннан кейін полиция қызметкерлері оны кері алып кетеді. Екі күннен кейін қала маңындағы Жұлдыз ықшамауданында гастарбайтердің өлігі табылады.

Шетел азаматының өлімі фактісі бойынша қылмыстық іс көтеріледі де, жарты жылдан кейін іске қатысты күдіктіні анықтайды – ол гастарбайтерді түнде мас күйде әкелгенде куәландырудан өткізген наркодиспансердің санитары Дәурен Жоламанов.

Алайда, Жоламановтың кінәлі екеніне туғандары да, әріптестері де сенбейді. Расында, бұл іске қатысты сұрақ көп.

17 мамырда түнгі сағат 2 шамасында Балықшы ықшамауданындағы наркодиспансерге полиция қызметкерлерінің айтуынша, көшеде төбелесіп жүрген жерінен ұстап алған 48 жастағы Өзбекстан азаматын мас күйде жеткізеді. Санитар Дәурен Жоламанов сол күні кезекшілікте болған. Ол әкелген науқасты қабылдап, жағдайын тексеріп шығады.

Полиция қызметкерлері асығыс болып, масаң дәрежесін тексермей-ақ қоюды өтініп, өздерінің қағаздарына шетел азаматын орта дәрежедегі мас күйде деп жазып алады.

Дәурен оның дене жарақатының іздері мен ісіп кеткен жерлерін байқап, жазып алуға әрекеттенгенде, полиция қызметкерлері оған: "Мына өзбекті не мәпелеп отырсың?" дейді. Үш сағат өткеннен кейін Өзбекстан азаматы аз-маз сауыққан, сосын полиция оны кері алып кеткен. Содан кейін гастарбайтерді ешкім көрген жоқ.

Күдіктінің анасы
Күдіктінің анасы. Видеодан кадр: "Ақ Жайық" басылымы
"Полиция қызметкерлері баламды әдейі осы іске қатысты деп айыптап отыр. Өзбекті наркодиспансерден алып кеткеннен  екі күннен кейін қайтыс болды. Екі күн бойы кімнің не істегенін қайдан білеміз?",- дейді Нұргүл Магулова.

Анасының айтуынша, полиция наркологияға өзбекті дене жарақатымен әкелген.

"Ол шешініп жатқанда, ұлым оның дене жарақаттарын байқайды. Оны кім ұрғанын полиция неге анықтамаған? – дейді ашынған әйел.

Әуел баста Дәурен бұл іс бойынша куәгер ретінде қатысады. Жарты жылдан кейін, 1 қазанда ол куәгерден күдіктіге айналып, қамауға алынады.

Тергеу изоляторынан Дәурен туыстарына полиция қызметкерлері оны қалай қинағанын: беті көгермес үшін шапалақпен ұрып, бүйрек пен аяқтан ұрғанын баяндаған хат жолдайды.

"Полиция әкемнің таксист екенін біледі. Егер мен қылмысты өз мойныма алмасам, әкемнің қалтасына есірткі салып жібереміз деп қорқытты. Анама да оңай болмайтынын айтты. Содан кейін олар менің бүйрегім мен аяқтарымнан ұрды. Маған не болатынын білмеймін, қорқып отырмын. Апа, менің жазығым жоқ!" - деп жазды Дәурен.

Бұдан кейін оның анасы мен әпкесі полиция қызметкерлерінің үстінен облыстық прокуратураға арызданады.

"Біз облпрокуратураға барып, полиция қызметкерлерінің менің ағамды соққыға жыққаны туралы айтып, оның үстіндегі дене жарақатын анықтап беруді сұрап, өтініш бердік. Тоқтар есімді прокурор демалыс күнге тап келдіңіздер, дүйсенбі күні тексереміз деді. Бірақ дүйсенбі күні де ағамды тексеруге барған ешкім болмады. Сонда әділдік қайда?" – дейді Дәуреннің әпкесі.

Күдіктінің хаты
Күдіктінің хаты. Фото: "Ақ Жайық" басылымы

Бұл жағдай орталықтағы қызметкерлерді де біраз есеңгіретіп тастаған. Дәурен санитар болып былтыр ғана жұмысқа қабылданған.  Қызметіне адал екенін алға тарқан әріптестері бұған сене алар емес.

"Өзі сондай мейірімді, сабырлы жігіт. Жұмысына ұқыпты. Ешкіммен сөзге келмейтін. Бізге мас күйде адамдар келгенде, ашу шақырып жатады. Мұндайда оның ашуланып, қол көтергенін көрген емеспіз. Өз басым ол балаға сенемін. Ұжымдастары да солай ойлайды", - дейді Атырау облыстық психикалық денсаулық орталығы директорының орынбасары Жеңіс Мұхлисов. 

Атырау облыстық Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлнәзира Мұхтарованың айтуынша, жинақталған құжаттар негізінде қылмысқа күдікті наркодиспансердің қызметкері екі ай мерзімге қамаққа алынды.

"Қылмысқа күдікті 1996 жылғы қала тұрғынына қатысты ҚР ҚК 106-бабы "Абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру»" бабы бойынша тергеу әрекеттері толықтай аяқталып, қылмыстық іс сотқа жолданатын болады", - деп хабарлады Мұқтарова.

Дәуренді соққыға жыққаны туралы факті тексеріле ме деген "Ақ Жайық" сауалына Полиция департаменті жауап бермепті.

Дәуренінің анасының айтуынша, 1 қазанда тергеушілер оған полицияға келіп, құжатқа қол қойып кетуің керек деп алдап шақыртып, қамауға алған. Өзіне жала жабылатынын сезген Дәурен полицияға бармас бұрын бейнежазба қалдырыпты.

"Мен полицейлерден жетондарындағы бейнежазба қайда деп сұрадым. Сол өзбекті әкелген күні техникалық ақауға байланысты бейнежазба жазылмай қалды деп жауап берді. Неге дәл сол күні жасамай қалды? Маған көмек керек. Осы жағдайдың қайтадан тергелуін сұраймын. Мен адам өлтірген жоқпын. Мені әдейі кінәлі етіп отыр", - деп мәлімдеді бейнежазбада Дәурен Жоламанов.

Оның жақын туыстары бұл істі егжей-тегжейлі тергеу үшін құқыққорғау органдарына жүгінді. Бостандықта Дәуреннің бала көтерген қалыңдығы күтіп отыр, олар карантин біткесін той жасаймыз деп жоспарлаған.

"Ақ Жайық" басылымы осы іс бойынша Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевқа ресми сауал жолдаған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1880449-keni-kaltasyna-esirtki-salamyz-dedi-atyrauda-adam-limine-kdikti-sanitar-z-syndygyn-ajtty.html