RU

Алматы блок-бекетіндегі екі полицейдің өліміне кінәлі азамат 10 жылға сотталды

Блок-бекеттегі жол апатына кінәлі полицей
Фото: zakon.kz

Алматыдағы блок-бекетте болған жантүршігерлік жол апатына қатысты айыпталған экс-полицей кінәлі деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

"1994 жылы дүниеге келген Азаматовты кінәлі деп танып, орташа қауіпсіздік колониясында 10 жылға бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын",- деді судья Мади Көшікбаев.

Сот шешіміне сәйкес, Азат Азаматов абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін кінәлі деп танылды.

Одан бөлек, сотталушы марқұм полицейлердің жақындарына моральді және материалды өтемақы төлеуге міндеттелді.

Азаматовтың өзі сотқа қатысқан жоқ. Судья оның үкімді изоляторда видеоконференция арқылы тыңдап отырғанын жеткізді.

Еске салсақ, 25 мамырда Көксай шағын ауданындағы №4 блок-бекетте BMW көлігін тізгіндеген жүргізуші бетон қоршауына соғылған болатын.

BMW патрульдік көлікке қарай ұшып түскен, оның ішінде екі полиция қызметкері отырған.

42 жастағы тәртіп сақшысы Жарас Жанғазиев жедел жәрдем келгенге дейін қайтыс болды. Ал оның әріптесі Дастан Әбдіқанов аса ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді, алайда дәрігерлер оның өміріне араша түсе алмады.

Алматы полициясының тағы бір қызметкері – есірткімен күрес жөніндегі бөлім маманы Ербұлан Сейдазым ауыр жағдайда жансақтау бөліміне жеткізілді. Қазір оның жағдайы жақсы, ауруханадан шықты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1880488-almaty-blok-beketindegi-eki-policejdi-limine-kinli-azamat-10-zylga-sottaldy.html