RU

"Кешірім сұраған жоқ": Блок-бекетте көз жұмған полицейдің жақындары үкіммен келіспей отыр

Марқұм Дастан Әбдіқанов пен Динара Аман
Марқұм Дастан Әбдіқанов пен Динара Аман. Фото: instagram/ dinaraaman.k

Алматы блок-бекетіндегі жол апатынан қайтыс болған полицей Дастан Әбдіқановтың туыстары кінәлі Азат Азаматовқа берілген жазамен келіспейді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.

Бұрынғы полицей Азат Азаматовқа қатысты сот үкімі бүгін Қарасай аудандық сотында оқылды. Ол сот үкіміне сай 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ 66 млн теңге өтемақы төлеуге міндеттелді.

Азат Азаматовтың өзі сот залында болған жоқ. Ол отырған изолятор карантинге жабылған. Ал үкімге қатысты марқұм полицей Дастан Әбдіқановтың жары пікір білдіріп, тағайындалған жазамен келіспейтінін айтты.

"Өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаса да аз болар еді. Аппеляция жөнінде әлі ойланған жоқпын. Ол ешқайсымыздан кешірім сұрамады. Әке-шешесі де келмеді. Біздің телефон нөміріміз бар. Ешкім кешірім сұрау үшін хабарласқан жоқ. Сот отырысында ата-анасы бізбен амандасқан да жоқ. Әділетсіз жаза", - дейді Әбдіқановтың жары.
Дастан Әбдіқанов
Фото: Sputnik Қазақстан/ Тимур Ниталиев

Сот үкіміне қатысты марқұм полицейдің әкесі де ойын айтты.

"Бұл аз, өмір бойына бас бостандығынан айырады деп ойладық. Алайда, заңның аталған баптары бойынша мұндай жаза қарастырылмайды. Аппеляция жөнінде адвокатпен ақылдасамыз", - дейді Әбдіқановтың әкесі.

Ал қайтыс болған екінші полицейдің жанұясы БАҚ өкілдерімен тілдесуден бас тартқан.

Сотталушы Азат Азаматов
Сотталушы Азат Азаматов. Фото: zakon.kz

Еске салсақ, 25 мамырда Көксай шағын ауданындағы №4 блок-бекетте BMW көлігін жүргізушісі әуелі бетон қоршауға соғылып, содан кейін полиция қызметкерлерінің көлігіне соқтығысқан еді.

Салдарынан оның ішінде отырған екі тәртіп сақшысы қайтыс болды.

42 жастағы тәртіп сақшысы Жарас Жанғазиев жедел жәрдем келгенше көз жұмса, оның әріптесі Дастан Әбдіқанов аса ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген болатын. Алайда дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.

Кейін жол апатынан зардап шеккен Алматы полициясының тағы бір қызметкері – есірткімен күрес жөніндегі бөлім маманы Ербұлан Сейдазым ауыр жағдайда жансақтау бөліміне жеткізілгені белгілі болды.

Қазір оның жағдайы жақсы, ауруханадан шыққан.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1880544-kesirim-sragan-zok-blok-bekette-kz-zmgan-policejdi-zakyndary-kimmen-kelispejdi.html